Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ет бағытындағы ірі қара мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді. Жиын барысында қатысушылар мал шаруашылығын субсидиялау саласында жаңа тәсілдерді әзірлеуді талқылап, бірқатар ұсыныстар айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Атап айтқанда, жұмыс тобының мүшелері бұқашықтарды бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеу кәсіпорындарына өткізген кезде субсидияның жоғары мөлшерін қарастыру ұсынылғанын айтты. Сонымен қатар, асыл тұқымды жас мал өсіруге кеткен шығындарды төмендетуге бағытталған, асыл тұқымды мал сатушыларды ынталандыру тетігін енгізу ұсынылды.
Қой шаруашылығы саласында қыс-көктем мезгілінде қошақандарды бордақылау алаңдарына және ет комбинаттарына маусымдық тапсыруға қосымша субсидиялау бағыты енгізілмек. Бұл шара шаруашылықтарды жыл бойы біркелкі төл алуға және оны әрі қарай өсіруге ынталандырады. Соның нәтижесінде ішкі және сыртқы нарықтарға сапалы қой етін тұрақты жеткізу қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, жүн бағытындағы қой шаруашылығын сақтау мақсатында асыл тұқымды жас мал өсіруге кеткен шығындарды төмендету қарастырылып, өңдеуге өткізілген жұқа және жартылай жұқа жүннің құнын өтеу қайта жандандырылады.
Мемлекет басшысының субсидиялаудан қолжетімді несиелеуге көшу жөніндегі тапсырмасы аясында бордақылау алаңдарына, ет өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды мал сатып алу үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын, бекітілген ставкалары бар жаңа несие өнімдері әзірленді. Олар алдағы уақытта енгізілетін болады.
Жоғарыда көрсетілген мемлекеттік қолдау тәсілдері мал шаруашылығын дамытуды тиімді қаржыландыруға және бөлінген қаражаттың ең жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.