Құқықтық мәдениет: заңгер кадрларының сапасын қалай арттыруға болады

4994
Фотосурет: ©️ А.Байжұманов/Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенатта заң білімін дамыту тақырыбына арналған Парламенттік тыңдау өтті. Іс-шара барысында депутаттар мен сарапшылар мүдделі тараптармен бірге сот және құқық қорғау жүйелерінің кадрлық әлеуетін нығайту, сондай-ақ, заң шығару қызметінің сапасын арттыру мәселелерін талқылып, осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерін айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі қоғам мен мемлекеттің барлық саласына тікелей әсер ететінін атап өтті. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында адами капиталды дамыту, білім берудің заманауи үлгісін қалыптастыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа форматтағы кадрларды кешенді даярлау маңызды міндет екеніне баса мән берді. Парламент Сенаты аталған басым бағыттарды іске асыру аясында мүдделі тараптармен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен іс-қимылының нәтижесінде Құқықтық білім беруді дамыту тұжырымдамасы әзірленді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар мен жобаларға әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл бағытта ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі парламенттік тыңдау да осы кешенді жұмыстың аясындағы маңызды қадамдардың бірі. Қозғалып отырған тақырып қазіргі таңда өте өзекті. Сондықтан осы саладағы мәселелерді және оларды шешу жолдарын бірге талқылап, жұмыла әрекет етудің маңызы зор», – деді Палата Спикері.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бірқатар маңызды проблемаға назар аударып, оларды оңтайлы шешу үшін қолға алынған жұмысты жан-жақты пысықтау және озық халықаралық тәжірибені тыңғылықты зерделеу қажет екенін айтты. Бұл ретте еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкессіздіктің болуы және білікті заңгерлердің тапшылығы өте өзекті. Мысалы, бүгінде заң саласындағы мамандардың көлемі болжамды сұраныстан тоғыз есе жоғары болып отыр. Қалыптасқан осындай ахуалды жақсарту үшін мемлекеттің, жұмыс берушілердің және білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы қажет.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

«Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидаты құқықтық мемлекеттің іргетасы екенін үнемі айтып келеді. Білікті заңгерлерсіз жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениет қалыптастыру мүмкін емес. Алайда, қазір елімізде заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар екенін мойындауымыз керек. Солардың бірі – жұмыс берушілерге қажетті мамандар мен оқу бітірген жас мамандардың саны арасында сәйкессіздіктің болуы. Сондай-ақ еңбек нарығында білікті заңгерлердің жетіспейтіні де белгілі. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін нақты тетіктерді қолға алуымыз қажет. Сонымен қатар құқықтық білім беру ісінде инновациялық тәжірибелер мен тәсілдерді енгізудің де берері мол. Бұл ретте процестерді цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын қолдануға баса мән берген жөн. Кадр даярлау мәселесі құқықтық актілер мен заң жобаларын әзірлеу сапасына тікелей әсер ететінін естен шығармауымыз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Білім және ғылым саласының өкілдерін алаңдататын проблемалардың қатарында білім алушылардың сауаттылық деңгейінің төмендігі, ғалымдардың еңбегіне төленетін ақының мардымсыз болуы сияқты түйткілдер бар. Одан бөлек, Парламенттік тыңдауда мемлекеттік жоғары оқу орындарының жеткіліксіз қаржыландырылуына қатысты мәселелер, жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамы жүргізетін ғылыми жобалар мен зерттеулерді қолдау шараларының тиісті деңгейде болмауы, сондай-ақ, қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етудің көңіл көңшітпейтіні айтылды.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Іс-шара барысында заң саласының кәсіби стандартын әзірлеу мен бекітудің маңызы да ерекше атап өтілді. Түлектердің құқықтану салалары бойынша тәжірибелік жұмыс дағдылары мен мамандану мәселелері де назар тыс қалған жоқ. Тыңдау аясында айтылған ұсыныстар мұқият зерделеніп, соның нәтижесінде тиісті ұсынымдар әзірленеді және ол Үкіметке жолданады.

Парламенттік тыңдауда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, осы саладағы белгілі ғалымдар – Зәуреш Баймолдина мен Исидор Борчашвили және еліміздегі ірі жоғары оқу орындарының ректорлары мен сарапшылар сөз сөйледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -