2025 жылдың 9 мамырында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде атап өтіледі.
Осы тарихи датаға орай еліміздің барлық өңірлерінде ардагерлерді ұлықтап, елдің рухын көтеретін мерекелік шаралар өтуде. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ұйымдастырып отырған «Ұлы Жеңіске – 100 күн» атты республикалық патриоттық акция. Аталған акция аясында Ұлттық ұлан сарбаздары 100 күн бойы еліміздегі соғыс және тыл ардагерлерін құрметтеп, патриоттық, мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізуде. Бұл – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, Ұлы Жеңіс жолындағы ерлік пен жанқиярлық еңбекті насихаттаудың жарқын үлгісі. Акция шеңберінде Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінің командирі, полковник Ерлан Берікқалиұлы Ипатов бастаған әскери оркестр мен бөлім қызметкерлері тыл ардагері Үміт Сүпғалиева әжейдің шаңырағына арнайы барып, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтады. Полковник Ерлан Ипатов ардагер әжейге ел болашағы үшін жасаған қажырлы еңбегі мен қиын-қыстау замандағы табандылығы үшін ризашылығын білдіріп, Ұлттық ұлан атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, әскери оркестр орындауында соғыс жылдарының әндері шырқалып, ардагерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Катюша», «Смуглянка», «Жеңіс күні» секілді жауынгерлік рухтағы әндер әжейдің жастық шағын еске түсіріп, жүрегін толқытты. Үміт Сүпғалиева әжей – тылдағы қажырлы еңбегімен Жеңіске үлес қосқан ардагерлердің бірі. Соғыс жылдарында майданға жіберілетін азық-түлік пен киім-кешек дайындап, күндіз-түні тыным таппай еңбек еткен жан. Ардагер сол бір зұлмат жылдарды тебірене еске алып, бүгінгі бейбіт заман үшін шүкіршілік ететінін жеткізді.
– Соғыс жылдарының ауыртпалығын біз көрдік. Қиындыққа мойымай, бір тілім нанды бөліп жеген кездер әлі есімде. Бірақ соның бәрі бейбіт өмір үшін жасалды. Қазір еліміз тыныш, жұртымыз аман – соның өзі үлкен бақыт. Мен бүгінгі ұрпаққа тек бірлік пен амандық тілеймін. Ел ешқашан соғыстың зардабын көрмесін, – деп жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ батасын берді ардагер әжей.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бұл акцияны ерекше ықыласпен жалғастырып келеді. Қарияларға құрмет көрсету – ұрпақтар сабақтастығының айғағы. Бүгінгі ұрпақ – сол бір ерлік пен еңбектің жалғасы. «Ұлы Жеңіске – 100 күн» акциясы аясында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Елін сүйетін ерлер мен елі үшін еңбек еткен аналарымыздың рухына тағзым ету – әр азаматтың парызы. Ұландықтар бұл міндетті үлкен жауапкершілікпен атқаруда.
Майор Ертуған Әубакир