Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы арттырылады

2376
Фотосурет: Gov

Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласында жұмыс істейтін мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін бірқатар іс-шаралар әзірледі. Атап айтқанда, министрлік «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын электр және жылу саласында істейтін мамандардың жалақысымен теңестіруге бағытталған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазіргі уақытта заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді. Түзетулер қабылданған жағдайда, ол 2025 жылдың екінші жартысында су саласы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл салада кадр тапшылығын азайтып, білікті мамандарды тартуға көмектеседі.

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі салалық жоспар әзірледі. Онда жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіби стандарттарды дайындау және мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары қамтылған. Мұндай іс-шараларды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Қытай, Франция, Израиль, Нидерланд және АҚШ сияқты елдермен қазақстандық кадрларды қайта даярлау бойынша келісімдер жасалды. Қазірдің өзінде ондаған маман шетелде оқып келді. Бұл ретте барлық шығынды қабылдаушы тараптар өтеді.

Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Отбасы банк» су шаруашылығы саласы мамандарына жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін ипотекалық бағдарламаны іске қосты.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасына «Гидротехник-инженер», «Су ресурстары және су пайдалану», «Мелиорация, рекультивация және жерді қорғау» мамандықтары қосылды. Ауылға қоныс аударған су мамандарына берілетін бюджеттік несие көлемі 7,8 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен бірге «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» заңына толықтырулар енгізілді. Су шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.

«Қазақстанның су шаруашылығы саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оларға қолайлы еңбек жағдайын жасап, лайықты жалақымен қамтамасыз ету біз үшін маңызды. Су шаруашылығы саласы мамандарын әлеуметтік қолдау, сондай-ақ оларды қайта даярлау инфрақұрылымды дамыту мен нормативтік құқықтық базаны жетілдіруден кем емес. Былтыр 7 мыңнан астам адамның жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Су шаруашылығы мамандығының беделін арттыру үшін министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді» Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -