Шымкентте 8 мамыр күні Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен 9 - мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мерекесіне орай «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс шараға Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері, тылда еңбек еткен ардагерлер және Ауған соғысының, таулы Қарабақ пен Чернобыль аппаттарының ардагерлері қатысты.
Мерекелік кеште Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес тыл ардагерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік кеуде белгісімен, басқа да шекаралас елдердегі қақытығысқа қатысқан ардагерлер аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиделі шағын ауданындағы алаңда өткізілген шарада арнайы әскери шатырлар тігіліп, ардагерлерге сарбаз ботқасы таратылды. Ұлттық ұлан жауынгерлері соғыс кезіндегі әндерді шырқады. Ұйымдастырушылар тарапынан тақырыпқа сай көріністер көрсетілді.
Мерекелік шара соңында бейбіт өмірдің символы ретінде әуеге ақ көгершіндер ұшырылды.