"Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер" монументіне гүл себеттері қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Қарулы күштер жоғары қолбасшылығының және қаланың атқарушы билігінің өкілдері, әскери қызметшілер мен ардагерлер Екінші дүниежүзілік соғыстың ұрыс даласында қаза тапқан отандастарын еске алуға жиналды. Жиналғандар жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов атап өткендей, 1941 жылдың жазында Ақмолада 310-шы және 387-ші атқыштар дивизиялары құрылды, тағы екі жылдан кейін, 1943 жылдың наурызында мұнда 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы жасақталды. Соғыс майдандарында ерлік көрсеткен бұл құрамаларға Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әскерге шақырылушылары қосылды.
Естеріңізге сала кетейік, қола мен гранитте соғылған "Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге" монументі 1995 жылы қанды шайқастардың батырларына құрмет ретінде орнатылды.