Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ардагерлерді, 101 жастағы Нина Мосунова мен 99 жастағы Мұраталы Төлепбергенұлын Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Майдангерлердің құрметіне шерулер ұйымдастырылды. Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысы мен Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаттарын оқып, ардагерлерге "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" мерекелік медальдарын табыс етті. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сол жан түршігерлік сұрапыл соғыстың соңғы куәгерлеріне гүлдер мен сыйлықтар табыс етілді.
Көптеген сыйлықтармен қатар, ризашылық сезімі пен құрмет белгісі ретінде кәсіпкерлердің бірі ардагерлерге жаңа көліктер сыйлады. Мұраталы ақсақал рөлге отырды да жиналғандарға қарап былай деді.
Сендер ешқашан соғыс көрмесін деп тілеймін. Біздің көргенімізді сендерге көрсетпесін. Ел шетіне жау келмесін. Аспанымыз әрқашан ашық, еліміз көркейіп гүлденіп, халқымыздың ынтымағы арта берсін Мұраталы Төлепбергенұлы
Іс-шара соңында Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж курсанттары ардагерлер алдында салтанатты маршпен жүріп өтті.
Нина Егоровна Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Татарстан Республикасының Урустамак ауылында дүниеге келген. 1942 жылы ол өз еркімен майданға аттанды. Қазан қаласында дайындықтан өткен соң Горькийде телеграфшы, содан кейін зениттік бригадада радио операторлары бөлімінің командирі болып қызмет етті. Можайск маңындағы шайқастарға қатысып, "Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған. Соғыстан кейін кассир, кітапханашы, хатшы-машинист болып жұмыс істеді. Бүгінде ол екі немересі және бес шөбересі бар әже.
Мұраталы Төлепбергенұлы 1925 жылы 20 мамырда Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы әскерге шақырылды, Брест, Варшава, Данциг, Висмарк, Биттенберг және Перлебергті азат етуге қатысты. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Ерлігі үшін", "Варшаваны азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған. Жеңісті Биттенбергте қарсы алып, 1950 жылы елге оралды. Соғыстан кейін ол бригадир, есепші, ферма менеджері болып жұмыс істеді. Сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 19 немере және 10 шөбере сүйіп отыр.