Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Жайлы мектеп» жобасының басты міндеттерінің бірі – жаңа технологиялар мен әдістерді тиімді қолдана алатын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету.
Мұнда педагогтердің кәсіби даму үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Осы мақсатта мұғалімдерге арналған жаңа педагогикалық тәсілдер, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдарды меңгеруге бағытталған бағдарлама әзірленді. Бүгінде 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы уақытта басым бағыттар бойынша барлық педагог оқытумен қамтылатын болады. Бұл елімізде кәсіби құзыреттіліктерді дамытудың бірыңғай стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ОКҚ брифингінде айтты.
Қазіргі заман талабына сай, заманауи ойлайтын, қажетті білім мен қабілетке ие жас мұғалімдерді тарту үшін мектептердің басшылығы мен жетекші педагогикалық жоғары оқу орындары арасында арнайы ынтымақтастық орнатылуда. Яғни, бұл мектептерге арнайы дайындалған мұғалімдер келеді.
«Мектеп жұмысы тиімді басқару принциптері бойынша ұйымдастырылады. Директорларды тағайындау кезінде басымдық «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге берілетін болады. Келешекте бұл мектептер моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерінің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер, және басқару шешімдері бүкіл республика бойынша таратылады. Бұл күрделі шаруаны іс жүзіне асыру үшін ұлттық жоба аясында салынған мектептерді басқару жүйесі құрылуда» Ғани Бейсембаев
Министрдің пайымдауынша, бұл ұлттық жоба – білім беру жүйесінде тың әрі ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы іске асырудың нәтижесі. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елімізде соңғы алты жылда 1 млн-нан аса оқушыға арналған 1000-нан аса мектеп салынды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Атаулы жаңа жобамен салынып жатқан мектептер – осы ауқымды стратегиялық бастаманың маңызды бөлігі.
Бұл – жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында салынатын білім беру ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атау ұсынылды.