Заманауи мессенджерлер қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар интернет-алаяқтар үшін танымал алаңға айналды.
Олар WhatsApp, Telegram және басқа да қосымшаларды пайдаланып, алдау арқылы аккаунттарға қол жеткізуге, ақша немесе жеке ақпаратты иемденуге тырысады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Көп жағдайда қылмыскерлер өздерін банк қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері, туыстар немесе таныстар ретінде таныстырады. Алаяқтар фишингтік сілтемелер таратады, видео көру арқылы «тиімді» қосымша табыс ұсынып, зиянды файлдар жібереді және құпия мәліметтерді алу үшін жалған чаттар құрады.
Тәуекелге мектеп оқушылары, студенттер және егде жастағы адамдар ұшырайды. Сондықтан сақ болып, жақындарды қауіптер туралы ескерту өте маңызды.
Нені білу маңызды?
- ешқашан интернеттегі қосымша жұмыс, тауарлар немесе қызметтер үшін «кепіл» ретінде ақша жібермеңіз;
- күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз, тіпті олар «таныс адамнан» келсе де – оның аккаунты бұзылған болуы мүмкін;
- мессенджерге қосылған құрылғылардың тізімін тексеріңіз және қосымша сеанстардан, сондай-ақ, мысалы интернет-кафе сияқты үшінші тарап құрылғыларындағы аккаунттардан үнемі шығып отырыңыз;
- екі факторлы аутентификация мен күрделі құпия сөздерді қолданыңыз;
- SMS кодтары мен құпия сөздерді бөгде адамдарға, тіпті олар өздерін банктің немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырса да бермеңіз;
- туыстарыңызға, әсіресе қарттарға мемлекеттік органдардың өкілдері мессенджер арқылы ақша аударуды немесе «жеке басын растауды» сұрап қоңырау шалмайтынын, сондай-ақ ешқандай нұсқау бермейтінін және оларды орындауды талап етпейтінін түсіндіріңіз.
Егер сіз немесе жақындарыңыз алаяқтардың құрбаны болса – бірден полицияға хабарласқан абзал. Уақытылы әрекет ету алаяқтарды тоқтатуға және қаражатыңызды сақтап қалуға көмектеседі.