Түркістан гарнизоны бастығының кубогы үшін кіші-футболдан алғашқы жарыс өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Түркістан гарнизонында алғаш рет гарнизон бастығының кубогы үшін кіші-футболдан жарыс өтті. Жарысқа аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері, жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Ұлттық ұлан, әскери кафедралар, сондай-ақ Түркістан қаласындағы құқық қорғау, арнаулы және күштік құрылымдардың қызметкерлерінен құралған 11 команда қатысты.
Турнир Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
Турнирді гарнизон бастығы, подполковник Талғат Мажімбеков ашып, өзінің құттықтау сөзінде мұндай спорттық жарыстардың әскери рухты нығайтуда, дене шынықтыру дайындығын арттыруда және әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерінің бойында патриоттық сананы күшейтуге маңыздылығын атап өтті.
Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін, бірлескен әрекет үйлесімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Турнир тек спорттық жарыс қана емес, түрлі бөлімшелер арасында достық пен өзара түсіністікті нығайтатын алаңға айналды.
Турнир қорытындысы бойынша:
- 1-орын – полиция департаментінің командасы;
- 2-орын – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы;
- 3-орын – аумақтық қорғаныс бригадасының командасы.
Жекелеген номинациялар бойынша үздік ойыншылар да анықталды:
- Үздік шабуылдаушы – Нұрсұлтан Дарашов (ҰҚК командасы);
- Үздік қорғаушы – Мардан Жақыпбек (Қорғаныс істері жөніндегі департаменті);
- Үздік қақпашы – Әбділда Бақытжанұлы (Полиция департаменті).
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге гарнизон басшылығы атынан кубоктар, дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар ұмытылмас әсерге бөленіп, жағымды эмоциялар мен жігерлі рух алды.
Жарыс жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, мазмұнды бағдарламасы арқылы бұл күнді спорт пен әскери бауырластықтың шынайы мерекесіне айналдырды.