Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының мектеп оқушылары үшін ерекше күн болды – олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 әскери бөлімінде өткен ашық есік күніне қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және Ұлттық ұлан қызметкерлерінің күнделікті өмірімен таныстыру болды.
Оқушыларға әскери бөлімнің құрылымы мен тарихы туралы баяндалды. Сонымен қатар, қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, арнайы техника мен әскери құрал-жабдықтар көрсетілді. Қатысушылар әскери қызметшілердің саптық дайындығын, жауынгерлік әдіс-тәсілдерін тамашалады.
Жас буын өкілдері әскери қызметшілерге түрлі сұрақтар қойып, оларға қызығушылықпен қарап, болашақта Ұлттық ұлан қатарына қосылуға ниет білдіргендері де болды.
5516 әскери бөлімінің командирі, подполковник Усербаев Данияр атап өткендей, мұндай іс-шаралар жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға сеп болады.
Ашық есік күні оқушылар мен мұғалімдер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, жылы лебіздермен аяқталды. Бұл – әскери бөлім мен халық арасындағы өзара байланыс пен сенімді нығайтатын маңызды қадам.