«Ел басқару жөнінде»: Астанада Си Цзиньпин кітабының қазақ тіліндегі 4 томының тұсаукесері өтті

5764
Тимур Раев Тілші
Фотосурет: Gov

Астана қаласында Қытай – Орталық Азия екінші саммиті аясында маңызды мәдени-гуманитарлық оқиға – Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің саяси еңбектер жинағының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.

Шара барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты жинақтың I-IV томдары қазақ оқырмандарына ресми түрде таныстырылды.

Іс-шараға Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихат бөлімі төрағасының орынбасары Ху Хэпин, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хан Чуньлин және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Ху Хэпин: «Бұл еңбек – Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністіктің көпірі»

ҚКП ОК Насихат бөлімі төрағасының орынбасары Ху Хэпин мырза Астана төрінде кездесуге мүмкіндік туғанына қуанышын білдіре отырып, кітаптың мән-маңызына тоқталды.

Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты жинағы – Қытайдың саяси философиясы мен жаһандық басқару тұжырымдарына терең үңілуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек. Бұл кітап халықаралық қауымдастық үшін Қытай жолын, теориясын, жүйесін және мәдениетін түсінуге арналған терезе іспетті», - дейді спикер.

Оның айтуынша, бұл жинақ әлемнің 42 тіліне аударылып, 180-нен астам ел мен аймақта тараған. Қазақ тіліне алғаш рет 8 жыл бұрын аударылған бұл еңбек екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуда үлкен рөл атқарып отыр.

«Жинақтың қазақша нұсқасы – Қытай мен Қазақстанның баспа және аударма салаларындағы кәсіби ынтымақтастығының жемісі. Бұл еңбек – Қытай мен Қазақстан халықтарының өзара сенімін арттырып, ортақ тағдырлы қауымдастық құру жолында маңызды қадам», – деді ол.

Ху Хэпин мырза Си Цзиньпиннің «халыққа бағытталған даму» қағидасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл еңбекте халық игілігіне бағытталған саясаттар – кедейлікті жою, әлеуметтік қамту, білім мен еңбекке тең қолжетімділік сынды бағыттар жүйелі түрде баяндалған.

Аида Балаева: «Бұл – стратегиялық серіктесімізді терең түсінуге арналған маңызды дереккөз»

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде бұл туындының қазақстандықтар үшін танымдық және стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл кітап – Қытай мемлекетінің саяси бағытын, ұлттық бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі тәсілдерін тереңірек түсінуге ұмтылатын оқырмандар үшін құнды дереккөз. Сонымен қатар, Қытайдың халықаралық аренадағы ұстанымдарын саралауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік – өзара сенім мен құрметке негізделген. Мемлекет басшылары арасындағы түсіністік пен жоғары деңгейдегі диалог – екіжақты қарым-қатынасты тереңдете түсуде.
«Қытай – Қазақстан үшін сенімді дос және стратегиялық серіктес. Біз ынтымақтастығымызды барлық салада нығайтып келеміз», – деді Аида Балаева.

Хан Чуньлин: «Мемлекет басқару – нәзік өнер»

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хан Чуньлин бұл жиында ерекше пікір білдіріп, ел басқарудың нәзік өнер екеніне тоқталды:
«Төраға Си Цзиньпин айтқандай, үлкен елді басқару – нәзік тағам әзірлеуге ұқсас. Мұнда дәм мен мөлшерді дәл сақтау қажет. Сол секілді мемлекетті басқару да – терең тарихи жауапкершілікті қажет ететін күрделі іс».

Ол жинақтың мазмұнына кеңінен тоқталып, Қытайдың ішкі және сыртқы саясаты, даму философиясы мен стратегиялық бағыты жан-жақты талданғанын атап өтті.

«Қытай ондаған жылда индустриялану жолында Батыс елдері ғасырлар бойы жүріп өткен жолды еңсерді. Бұл – Қытай арманының жүзеге асқанын, Қытай жолының тиімділігін айғақтайтын нақты дәлел».

Сондай-ақ, елші Қытайдың 1952 жылдан 2024 жылға дейінгі ЖІӨ өсімін мысалға келтіріп, бұл көрсеткіштің шамамен 2000 есеге артқанын жеткізді. Хан Чуньлин мырза бұл нәтижелердің барлығы Қытайдың халыққа бағытталған даму үлгісінің жемісі екенін айтты.

Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабы – Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символына айналды. Бұл еңбек – тек саяси философияны ғана емес, сонымен қатар халық мүддесін бірінші орынға қойған басқару моделінің жарқын үлгісі. Жинақтың қазақ тіліне аударылып, кең аудиторияға ұсынылуы – елдер арасындағы рухани, мәдени және стратегиялық байланысты одан әрі нығайтуға сеп болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -