3850
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Астана қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Аршалы кентіндегі 6505 әскери бөлімінің жеке атқыштар ротасының басты міндеті — түзеу мекемесін күзету және ішкі тәртіпті бұлжытпай орындау. Бұл ротада қызмет ететін жауынгерле мен офицерлер әскери тәртіп пен мемлекет алдындағы жауапкершілікті қатар алып жүр.

Әскердегі жауынгерлердің тәртібін, тынысын қадағалайтын, олардың кәсіби шыңдалуына бағыт беретін басшылық құрамның жауапкершілігі орасан. Солардың бірі 6505 әскери бөлімінің жеке атқыштар ротасының командирі майор Батыржан Ташенов. Ол 2013 жылдан бері құқықтық тәртіп әскерінде қызмет етіп келеді. Бөлімдегі негізгі міндет – сотталғандардың тәртібін бақылау және оларға жоспарлы іс-шаралар ұйымдастыру. Бұл жұмыстардың барлығы жеке құрам тарапынан жоғары жауапкершілікпен атқарылады. Майордың айтуынша,

«Жауапкершілік жүктелген сарбаздар берілген тәртіпті сақтай отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әскери қалашықтағы ішкі тәртіп, тылдық және техникалық қамтамасыз ету, күнделікті қызметтің ұйымдастырылуы – осының бәрі біздің тікелей міндетіміз. Қауіпсіздік шаралары да үнемі бақылауда. Соның арқасында соңғы жылдары қашу дерегі тіркелген жоқ.

2019–2020 жылдары күз мезгілінде тәжірибелік-оқу жаттығуы барысында «Бүркіт» арнайы жасағының бір қызметкері шартты түрде қашуға әрекет еткен болатын. Алайда, бес минут ішінде негізгі қоршауға жете алмады. Бұл — қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін нақты дәлелдейді. Бұған дейін де осындай әрекеттер тіркелді, бірақ жүріс бағыты дер кезінде анықталып, жолы кесілді», дейді майор Батыржан Сейдімұратұлы.

Бөлімнің күзет жүйесі тек адам ресурсына ғана емес, техникалық құралдардың мүмкіндігіне де сүйенеді. Жыл сайын бұл бағытта жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Әсіресе, 2010 – 2015 жылдар аралығында жүзеге асқан кешенді реконструкция шеңберінде қоршаулар күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері кеңейтілген. Бұл — мекеме ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты тетік. Сонымен қатар, бөлімде кинология қызметі де айрықша рөл атқарады. Қызметтік иттер есірткі заттарын анықтау мен патрульдік тапсырмаларды орындауда сарбаздарға көмектеседі. Иттер мен кинология мамандарының кәсіби даярлығы бөлімнің қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие. Әскери дайындықтың практикалық бөлігі де назардан тыс қалмайды. Мекеме жанындағы атыс алаңында сарбаздар қозғалыс кезінде нысананы көздеп оқ ату, шұғыл шешім қабылдау, қарсы шабуылға тойтарыс беру сынды тапсырмаларды орындайды. Осындай жүйелі дайындықтың ортасында әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың бірі — ефрейтор Абылайхан Тұрым. Шымкент қаласынан келген ол қазіргі уақытта 6505 әскери бөлімінде қызмет етуде.

Ал қатардағы сарбаз –  Дарын Жанарбекұлының бұлтартпа сөзінен әскердегі өмірдің шынайы бейнесін көруге болады. Қатаң тәртіпке мойынсұнғанымен, олардың да жүрегінде сағыныш, аңсау сезімі бар.

— Бізде бәрі қалыпты. Тамақ, тәртіп, оқу, жаттығу бәрі жүйелі түрде болғанымен, кейде іштей бір нәрсе жетіспейтінін сезесің. Жаныңда демеу болар отбасың, достарың, ең бастысы – сүйікті қызың жоқ. Осы жерде жүріп ата-ананың, туған-туыстың қадірін терең түсінесің, - деп сөзін аяқтады жауынгер.

Абылайхан бөлім ішіндегі тәртіпті сақтауда белсенділік танытса, Дарын бейнебақылау бекетінде қызмет атқарып келеді. Жас жауынгерлер майор Батыржан Ташенов сияқты тәжірибелі командирлердің қолдауының арқасында жауапкершілік пен тәртіпті бойға сіңірді. Қазір бұл жастардың мақсаты – әскери қызметте алған тәжірибесін азаматтық өмірде дұрыс пайдалану және елге адал қызмет ету.

Әр атқан таң, әр өткен күн – Отан алдындағы адалдықты тағы бір мәрте дәлелдейтін сәт.

Аяулым ОКЕН, ҚазҰУ студенті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -