Орал қаласының Жұлдыз шағынауданында кернеуі 110/10 киловольттық жаңа қосалқы станцияның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Жаңа инфрақұрылым нысаны – қаланың энергетикалық әлеуетін арттыратын, тұрғындар өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Қосалқы станцияның құрылысы 2024 жылы басталып, республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 190 млн теңге қаражат бөлінді.
Қосалқы станцияда екі күштік трансформатор, кернеуі 110 киловольттық 6 тізбекті әуе желісі (ұзындығы 300 метр), 4 анкерлі тірек, 5 көлікке арналған автотұрағы бар жөндеу базасы және әкімшілік-тұрмыстық корпус салынды.
Жоба Жұлдыз, ескі әуежай және 6, 7, 8, 9, 10-шағынаудандардағы тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндірістік аймақтардың электрмен жабдықталу сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қосалқы станцияда «Alageum Electric» қазақстандық өндірушісінің жоғары вольтты заманауи жабдықтары орнатылған.
Нысан толық іске қосылғаннан кейін «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС мамандары мұнда тұрақты қызмет атқаратын болады.
Іс-шара барысында өңір басшысы мердігер ұйым қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.