Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрлері анықталды

1001
Фотосурет: freepeik.com

Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР азаматтарын сақ болуға шақырады, себебі алаяқтар жалған құжаттар мен реквизиттерді, сондай-ақ жалған мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды пайдаланып, алдауы мүмкін, деп хабарлайды DKnews.kz.

Алаяқтардың көздейтіні – азаматтардың жеке шотына, депозитіне, ақша аударымдарына қол жеткізу және атына онлайн несие немесе микрокредит рәсімдеу екенін тағы да еске саламыз.

Олар өзін Ұлттық Банктің, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының, екінші деңгейлі банктердің, ұялы байланыс операторының немесе коммуналдық қызметтің қызметкеріміз деп таныстыруы мүмкін. Сондай-ақ, азаматтарға түрлі сылтаумен хабарласып, жалған құжаттар мен банкке ақша аударуға арналған реквизиттер жіберуі ықтимал.

Алаяқтар сізге келген SMS-хабарламаны, растау кодын жіберуді, күмәнді сілтемелерге кіріп, түрлі қосымшаларды жүктеп алуды немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды сұрайды. Оның бәрі – телефоныңыздағы барлық ақпаратқа толық қол жеткізу үшін жасалатын қулық.

Сол себепті Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Кез келген қоңырау, хат, хабарлама немесе сұрау салған кезде оның рас-өтірігін міндетті түрде тексеріп алған жөн. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өзіңіз білмейтін қосымшаларды телефонға жүктемеңіз және бейтаныс адамдардың шотына ақша аудармаңыз.

Ұлттық Банк қызметкерлері жеке тұлғаларға ешқашан аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке шоттарын жүргізбейді, қандай да бір инвестициялық қорларға немесе қаржы өнімдеріне инвестиция салуға шақырмайды, қаражат көзін сақтандырмайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды – осыны әрдайым есте ұстаған дұрыс.

Егер алаяқтарға тап болсаңыз, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгініп, арыз жазуға кеңес береміз.

Қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласа аласыз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -