Десанттық-шабуылдаушы әскерлер 25 жылдық мерейтойын атап өтті

1650
Фотосурет: Gov

6 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде Десанттық-шабуылдаушы әскерлер күні атап өтіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл – еліміз Қарулы күштерінің элитасы, кез келген уақытта түрлі аймақтарда күрделі тапсырманы орындауға дайын сайыпқыран сардарлар. Биыл бұл мереке ерекше маңызға ие. Себебі Десанттық-шабуылдаушы әскерлерге 25 жыл толып отыр.

Басты салтанатты іс-шаралар қазақ десантшыларының бесігі саналатын аты аңызға айналған 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдаушы бригадада өтті. Мұнда ДШӘ-нің (десанттық-шабуылдаушы әскерлер) құрылуына ат салысқандар мен бүгінде осы әскерлердің даңқты дәстүрін жалғастырып жүргендер бас қосты. 

Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров, жеке құрам, ардагерлер, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Десанттық-шабуылдаушы әскерлер ширек ғасырда үлкен жолдан өтті. 

Әр жылдары бұл құрылымға генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенанттар Мұрат Майкеев пен Қаныш Әбубәкіров, генерал-майорлар Уәли Еламанов, Адылбек Алдабергенов, Дәулет Оспанов, Қайдар Қаракұлов және Мереке Көшекбаев басшылық етті. Қазіргі таңда Жоғарғы Бас колбасшы резервін генерал-майор Алмаз Жұмакеев басқарады.

Бұл әскерлердің жауынгерлік шежіресінде Тәжікстан-Ауғанстан шекарасындағы операциялар, Ирак пен Ливандағы, Сириядағы (Голан жоталары) БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу сынды тарихи беттер бар. Десантшылар «Ортразбат», «Дала қыраны», «Іле», «Алдаспан», «Қаратау», «Батыл тойтарыс» секілді халықаралық жаттығуларда, сондай-ақ ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларда өздерінің кәсіби шеберліктерін тұрақты түрде дәлелдеп келеді. Тек өткен жылдың өзінде ДШӘ 20-ға жуық ірі халықаралық маневрге қатысты.

Барлық офицерлерге, сержанттар мен сарбаздарға, сондай-ақ ардагерлерге адал қызметі мен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін ДШӘ қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев

Мереке десантшыларға тән дәстүрмен өтті. Онда қоян-қолтық ұрыс және саптық әдістерден тұратын әсерлі көрсетілімдер, Қазақстан Республикасы мен Десанттық-шабуылдаушы әскерлердің жалауларымен алаңға десант түсіру, ашық аспан астындағы қару-жарақ пен техника көрмесі ұйымдастырылды. Мерекелік көңіл-күйді жарқын концерттік бағдарлама мен үздік әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери шендер табыстау рәсімі толықтырды.

Десантшылар күні – бұл күнтізбедегі жай ғана күн емес. Бұл – ерлік пен рухтың, Отанға адалдықтың символы. Осы қасиеттердің арқасында Десанттық-шабуылдаушы әскерлер Қазақстан армиясының мақтанышына айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -