Қазақстан 30 күннен артық тұратын шетелдіктерге цифрлық тіркеу жүйесін енгізуде

1661
Фотосурет: freepik.com

Қазақстанда көші-қонды қадағалау күшейіп, шетелдік азаматтарды цифрлық мониторингтеу енгізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде көші-қон саясатын жетілдіре түсу бойынша мәселелер қаралды.

UKIMET

Онда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елдегі көші-қонды бақылауды жүйелеу жөніндегі шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі көші-қон бақылауын қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Жалпы, қазір шетелдіктерге қолайлы жағдай жасалған. Олардың елге кіру мен болу рәсімдері жеңілдетілді. 87 мемлекеттің азаматтары визасыз кіре алады. Электрондық виза 107 елдің азаматтарына қолжетімді. 2020 жылдан бері Қазақстанға келетін шетелдіктер уақытша тіркеуден босатылды. Қазір олардың келгені туралы қабылдаушы тарап хабарлауға міндетті.

«Биыл 900 мыңнан астам өтініш түсті. Тіркеу тәртібін сақтамағаны үшін 14 800 адам жауапкершілікке тартылды. Шетел азаматтарымен полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Халықаралық әуежайлар мен шекара бекеттерінде туристерге QR-коды бар «арнайы карталар» таратылады. Сол арқылы олар елде жайлы және қауіпсіз жүру үшін қажетті ақпараттар мен сервистер туралы мәлімет ала алады» Бауыржан Әленов

Шетелдіктердің елімізге келуі жылдан жылға өсіп жатыр. Бірінші жартыжылдықта олардың саны 7,5 млн. жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 600 мыңға өсті. Келушілердің 90% Тәуелсіз мемелекеттер достастығы елдерінің азаматтары.

Қазақстанда 212 мың шетел азаматтары тұрақты тұрып жатыр. Оның ең көбі, яғни 42 мыңы Алматы қаласында, 32 мыңы Алматы облысында, әрқайсысында 17 мыңнан – Астана қаласы мен Қарағанды облысында. Тұрақты тұрып жатқандар саны 3 жылда 42% өсті.

Елімізде 430 мың шетелдік – уақытша тұрып жатқандар болса, оның ішінде 360 мыңы жұмыс істеу мақсатымен, 17 мыңы отбасымен қосылу мақсатымен, 8 мыңы білім алу үшін, 44 мыңы басқа мақсаттармен, яғни жеке істерімен, туризм бойынша келгендер.

«Келетін шетелдіктердің 97% заң мен көші-қон режимін сақтайтыны туралы атап өткен жөн. Алайда, жауапкершілікке тартылған құқық бұзушылар да бар. Биыл ішкі істер органдары 200 мың шетелдікті жауапқа тартты. Мәселен, 46 мыңы елімізде болу тәртібін бұзған болса, олардың 10 мыңы 5 жылға кіруге тыйым салумен елден шығарылды. Сонымен қатар, 2 мың жұмыс беруші шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Бірнеше рет шетелдіктерді жұмысқа алу қағидаларын бұзғандарға қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар жазасыз қалмайды» Бауыржан Әленов

Оның айтуынша, көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттыру шеңберінде министрлік басым бағыттарын анықтап, тиісті шаралар қабылдауда. Біріншіден, бақылаудың цифрлық құралдары енгізілуде. Жасанды интеллект арқылы шетелдіктердің елде болуын бақылау жобасы басталған. Ол жыл соңына дейін аяқталмақ. Екіншіден, құқықтық база жетілдірілуде. Өткен аптада көші-қон бақылауын күшейтуді көздейтін Заң қабылданған. Онда 30 тәуліктен аса елде болуды жоспарлаған шетелдіктерді тіркеу институты енгізілді, ішкі істер органдарына «тәуекел тобына жататын елдердің» азаматтарына шақыру беруден бас тарту құзыреті берілді. Сонымен қатар, шетелдікті тіркеудің тәртібін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қаралуда.

«Үшінші. Ішкі көші-қонды бақылаймыз. Құжаттандыру мен тіркеу үдерістеріне мониторинг жүргізудеміз. Жалған тіркеуі бар пәтерлерді анықтап, олардың санын азайттық. Пәтер иелері жауапкершілікке тартылды. Төртіншіден, Ұлттық паспорттың қорғау деңгейін көтерудеміз. Біздің азаматтар визасыз 43 елге бара алады, 30 елге – визаны жеңілдетілген тәртіппен, тағы 30 елде – келген сәттен бастап ала алады. Қазақстандық паспорт халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Қажетті қорғау элементтерін одан әрі енгізіп жатырмыз» Вице-министр

Баяндамашы Қауіпсіздік Кеңесінде берілген тапсырмалар аясында ІІМ көші-қон саласының ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмысын іске асыруда екенін жеткізді. Ішкі істер органдары көші-қон бақылауын жетілдіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -