Павлодар облысының прокурорлары әлеуметтік саладағы жаппай ұрлықтарды анықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Облыстық қадағалау органы мемлекеттік аппаратты цифрландыру және халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына ерекше назар аударды.
Прокурорлар лауазымды тұлғалардың мемлекетке жарты миллиард теңгеден астам залал келтірген сыбайлас жемқорлық схемаларын әшкереледі.
Ақпараттандыруды дамыту өңірлік орталығына жүргізілген тексеру барысында жеткізушілерге нақты көрсетілмеген қызметтер үшін бюджет қаражаты есебінен 110 млн теңге заңсыз төленгені анықталды.
Атап айтқанда, ауылдық жерлерде қоғамдық интернетке қосылу мен жер және сәулет салаларындағы процестерді цифрландыру тек «қағаз жүзінде» жүзеге асырылған.
Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы аясында Ақсу қаласында жоқ тауарлар мен жұмыстар үшін мердігерге 450 млн теңге төлеуге мүмкіндік берген қылмыстық айла-шарғылар әшкереленді. Нәтижесінде құрылыс ұзаққа созылған нысанға айналды.
Мемлекет мүддесіне қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың маңыздылығын ескере отырып, тергеу арнайы прокурорлармен жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.