Абай Құнанбаевқа 180 жыл: Қарағанды облысында 300-ден астам шара өтеді

2002
Фотосурет: Gov

Қарағанды облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған кең ауқымды бағдарлама әзірленіп жатыр. Мерейтой аясындағы іс-шаралар өңірдің барлық аумағын қамтып, кітапханаларда, жоғары оқу орындарында, мәдениет ошақтарында әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ спорттық жарыстар, оның ішінде Әкелер күніне орайластырылған «ABAI» велошеруі өткізіледі. Мерекелік бағдарлама 2025 жылдың соңына дейін жалғасып, барлығы 300-ге жуық түрлі шара жоспарланған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қарағанды қаласында өтетін маңызды оқиғалардың бірі – облыстық «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты поэзия байқауы. Байқауға өңірдің танымал ақындары мен өнерпаздары қатысады. Көрермендер 4 тамыз күні сағат 11:00-де «Сарыжайлау» кинотеатрында өтетін әсерлі әрі мазмұнды бағдарламаға куә болады.

Мерекенің негізгі бөлімі Абай қаласында өтеді және айтыс, зияткерлік ойындар сынды әртүрлі бағыттарды қамтиды. 1–10 тамыз аралығында Абай қаласының Мәдениет үйі алдындағы алаңда «Абай әлемі» атты көрме ашылады. Көрмені Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы мен қалалық орталық кітапхана бірлесіп ұйымдастырады. Онда ақынның бай мұрасын танытатын сирек кітаптар, архивтік құжаттар мен тарихи фотосуреттер қойылады.

1 тамыз күні сағат 10:00-де «Адамзаттың бәрін сүй...» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Жүргізушісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, ал қазылар алқасына «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман төрағалық етеді. Айтысқа Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Абай облыстары мен Астана және Шымкент қалаларынан келген танымал айтыскерлер қатысады.

2 тамызда аудандық кітапханада «Абай – ұлы тұлға» атты поэтикалық кездесу өтеді.

3 тамызда сағат 10:00-де Күрес орталығында балалар арасында қазақ күресінен жарыс басталады.

4 тамызда сағат 11:00-де Мәдениет үйі алдындағы алаңда «Айттым сәлем, Қаламқас» атты музыкалық-поэтикалық бағдарлама өтеді.

5 тамызда осы жерде «Ұлы даланың мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобы ұйымдастырылады. Оған Абай ауданынан 100-ге жуық домбырашы қатысады — бұл кәсіби музыканттар емес, ұлттық аспапқа қызығушылығы бар әуесқой орындаушылар.

6 тамызда Абай әндерінен тұратын жаппай ән флешмобы өтеді. Шамамен 100 қатысушы ұлы ақынның шығармаларын шырқайды.

7 тамызда онлайн форматта өткен «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары анықталып, оларға ақшалай сыйлықтар мен естелік тартулар табыс етіледі.

8 тамыз күні сағат 17:00-де Мәдениет үйінде халық театры «Ақжолдың» жаңа қойылымының премьерасы өтеді.

9 тамызда сол сахнада жастарға арналған зияткерлік «ABAYQUIZ» батлы ұйымдастырылады.

10 тамыз — ұлы ақын, кемеңгер ойшылдың туған күні. Бұл күні облыстың барлық аумағында Абай ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -