Шілде теңге үшін оңай болған жоқ: валюта нарығында не болды және тамызда не күтеміз

2101
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Kursiv.media/Артур Алескеров

2025 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 4 пайызға әлсіреп, 1 доллар - 540,72 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл өзгеріске маусымдық, сыртқы және алыпсатарлық факторлардың жиынтығы әсер етті. Дегенмен, жағдай бақылаудан шыққан жоқ - Ұлттық Банк интервенциялар мен Ұлттық қордан валюта сатуды іске қосып, нарықтағы тұрақтылықты ұстап тұра алды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сауда көлемі артуда, бірақ қысым да күшейіп отыр

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) орташа күндік сауда көлемі шілдеде 235 миллионнан 260 миллион АҚШ долларына дейін өсті. Жалпы сауда көлемі 5,7 миллиард долларды құрады. Бұл - шетел валютасына деген сұраныстың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бұған маусымдық демалыс маусымы мен импорттық қажеттіліктер тікелей әсер етуде.

Ұлттық Банк қандай әрекет етті

Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету және «Талдықорған - Үшарал» магистральды газ құбыры сияқты инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін шілде айында Ұлттық қордан 700 миллион доллар сатылды. Бұл - нарықтағы жалпы операциялардың 12 пайызына тең немесе орташа есеппен күніне 32 миллион доллар.

Сонымен қатар, айналымдағы артық өтімділікті тарту (зеркалирлеу) мақсатында 290 миллиард теңгеге баламалы валюта сатылды. Тамыз айында да осы көлемде сату жоспарланып отыр.

Ұлттық Банк бұл операциялардың барлығы нарықтық бейтараптық қағидаты аясында жүргізілетінін атап өтті - яғни валюта сатылымы бірқалыпты әрі алдын ала жоспарланған тәртіппен өтеді.

Интервенцияларсыз болмаған күн

30 шілде күні валюта нарығындағы өтімділік тым төмендеп, алыпсатарлық қысым күшейген сәтте Ұлттық Банк 125,6 миллион доллар көлемінде интервенция жүргізді. Бұл қадам алыпсатарлық белсенділікті төмендетіп, нарықтағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Квазимемлекеттік сектор мен зейнетақы активтері не болды

Квазимемлекеттік сектор субъектілері шілде айында 450 миллион доллар көлемінде валюталық түсімді сатты. Бұл - нарықты тұрақтандыруға бағытталған міндетті шаралардың бірі.

БЖЗҚ-ның валюталық үлесін 40 пайыздан төмен түсірмей ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк шілде айында 35 миллион доллар сатып алды. Бұл - жалпы сауда көлемінің 0,6 пайызы ғана. Алайда, ағымдағы бағам жағдайында және валюта үлесі белгіленген шектен асып кеткендіктен, тамызда зейнетақы активтері есебінен валюта сатып алу жоспарланбайды.

Алда не күтіп тұр?

Ұлттық Банк валюта нарығындағы операциялар бойынша ашықтық қағидатын сақтай отырып, ақпаратты жариялап отыруды жалғастырады.

Қысқа мерзімде теңге бағамының қозғалысы мынадай факторларға байланысты болады:

  • нарық қатысушыларының күтулері
  • тоқсандық салық төлемдері
  • жаһандық нарықтардағы ахуал
  • геосаяси жағдайдың өзгеруі

Ұлттық Банк икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады - бұл тәсіл теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермей, алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -