Астана жастары «Таза Қазақстан» аясында ағаш отырғызып, суаруда

1221
Фотосурет: Gov

Астананың «Жастар» саябағында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен және «Жасыл ел» жобасының белсенді жастарының қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл акция қаламыздың экологиялық жағдайын жақсарту, саябақтарды таза ұстау және әрбір тұрғынның өз ауласында тазалық пен тәртіпті ұстану туралы саналы көзқараспен қарауын қалыптастыру мақсатында өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысып, «Жасыл ел» жобасының қатысушыларына алғыс білдірді.

«Қоршаған ортаны қорғау баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын. Бүгінде «Жасыл ел» жобасына еліміздің барлық өңірінен жастар қатысып жатыр. Елордалық жоба қатысушылары мамыр айынан бері өткен түрлі экологиялық акцияларға, қаланы көгалдандыру жұмысына белсенді қатысып келеді. Қаламызда осы уақытқа дейін бірнеше жаңа саябақ пен гүлзар ашылды. Ал ол жерлерді таза ұстау, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмысы тұрақты жүргізілуі қажет. Бұл жұмысқа осы жобаның қатысушылары көмектесіп келеді, сол үшін жастарға алғысым шексіз», - деді Табиғат Зейнұлқабден.

Акция барысында Астана қаласы мәслихатының төрағасы жастармен бірге жасыл желектерді суарып, кейін олармен кездесу өткізді.

«Жасыл ел» жобасының белсенділері мәслихат төрағасына өз сұрақтарын қойып, келесі жылы жобаға қатысушылар санын арттыруды ұсынды.

Сонымен қатар саябақта Абай Құнанбайұлының туған күніне орай жастар арасында кітап алмасу акциясы ұйымдастырылды.
Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы өтіп жатыр. Осы жоба аясында елордада 14-тен 35 жасқа дейінгі 5 200-ден астам жас жұмыспен қамтылды.

Олар қаламыздағы құрылыс нысандары мен қала саябақтарында, әлеуметтік мекемелер мен мектептердің аумақтарында, сондай-ақ қала саябақтары мен көгалдандыру жұмыстарында белсенді түрде қатысып келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -