Ұлы қазақ ойшылы, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Қарқаралыда облыстық «100 өлең» мәнерлеп оқу байқауы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шараға Қарағанды өңірінің дарынды жастары жиналды.
Қатысушылар Абайдың лирикалық өлеңдерінен бастап «Қара сөздерінен» үзінділерді жатқа оқыды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Қарқаралы тұрғыны Айсұлу Нұртай жеңіп алды.
– Абайдың 300-ден астам өлеңін жатқа білемін. Үш баланың анасы ретінде алғаш рет осындай байқауға қатысып, дайындықты үй шаруасымен ұштастырдым. Қатысушыларға қойылған талаптар жоғары болды, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осындай мүмкіндік сыйлағандары үшін ұйымдастырушыларға шексіз алғыс айтамын, – деді бас жүлде иегері.
Бірінші орын Қарағаш ауылының тұрғыны Абылай Дүйсенге бұйырды.
Екінші орынды қарағандылық Мәриям Ахметбек пен Ақшархат Ешқұлова тең бөлді.
Үшінші орын Актерек ауылынан келген Балым Төлеген мен қарағандылық Әлия Біржанқызына берілді.
Байқау барысында «Салтанат» ансамблінің өнерпаздары қобызда әуезді күйлер орындап,
музыкалық сүйемелдеуді Қарқаралы мәдени-демалыс орталығы мен «Қайран жастық» ардагерлер ансамблі қамтамасыз етті.
Қазылар алқасының төрағасы, ақын Руслан Нұрбай Қарқаралының Абай өміріндегі ерекше маңызына тоқталды:
– Қарқаралы – Қазақстанның рухани картасындағы қасиетті әрі айрықша орын. Мұнда аңызға айналған Шайтанкөл көлі, Құнанбай мешіті орналасқан. Ұлы ақын мен ойшылдың өмірінде бұл өңірдің орны бөлек. Сондықтан байқауды дәл осы жерде өткізуіміз бекер емес. Барша қазақстандықтарды Абайдың 180 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Үйлеріміз жарыққа, жүректеріміз поэзияға, еліміз ынтымақ пен берекеге толы болсын! – деді ол.