Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясының қабырғасында офицер-тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Маңызды кездесуді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов тікелей өзі басқарды.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген шамамен 40 офицер қатысты. Олардың қатарында әскери бөлімдердің командирлері орынбасарлары, Академия басшылығы және «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері болды. Бағдарлама тәжірибе алмасуды, тәрбие жұмысында жаңа тәсілдер енгізуді, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесін талқылауды қамтыды.
Жиын аясында Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі Бас басқарма бастығының орынбасары полковник Арман Бутанов «Армиядағы заң және тәртіп» ведомствоаралық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мазмұнды дәріс оқыды. Сондай-ақ ол лауазымды тұлғалардың міндеттерін және әскери-патриоттық сабақтар мен жиындарды өткізу тәртібін жан-жақты түсіндірді. Әртүрлі әскери бөлімдердің өкілдері өзекті сұрақтар қойып, оларды бірлесе талқылап, шешу жолдарын іздестірді.
Практикалық дайындық барысында нұсқаушы-әдістемелік сабақтар, тәжірибе алмасу дәрістері және арнайы тренингтер өткізілді. Бұдан бөлек, әскери педагогика және психология кафедрасының бастығының орынбасары полковник Руслан Белялов дайындаған көрнекі сабақтар қатысушыларға ұсынылды. Онда дағдарыс жағдайында қызмет атқаратын әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалы нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, әскери психологтардың рөлі мен маңызы көрсетілді.
Сонымен қатар, жиын барысында әскери қызметшілер арасында волейболдан жолдастық кездесулер өтті. Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы иеленсе, 2-орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының командасы жеңіп алды, ал үштікті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы түйіндеді. Сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жеңіске деген жігері мен белсенділігі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
Іс-шараның соңында генерал-майор Қайрат Үмбетов оқу-әдістемелік жиынның қорытындысын шығарып, қатысушыларға басталған жұмысты жетілдіруді тапсырды. Ол, әсіресе, құқықбұзушылықтардың алдын алу мен жеке құрам арасындағы әскери тәртіпке қатаң бақылау жүргізудің маңызын ерекше атап өтті.