2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚР ЕДБ-ның несие портфелі 39,1 трлн теңгеге жетті. Көрсеткіш жыл басынан бері 3,3 трлн теңгеге немесе 9,1%-ға артты.
Несие портфелінің өсімі бойынша ForteBank басымдықпен көш бастап тұр: көрсеткіш жыл басынан бері бірден шамамен 1 трлн теңгеге өсіп, 2,9 трлн теңгеге дейін жетті. Атап айтқанда, заңды тұлғаларға ұсынылатын кредиттер айналымдағы қаражатты толықтыруға, инвестициялық жобаларға беріледі. Бұдан бөлек, қайта қаржыландыру үшін икемді шарттар да қарастырылған. ForteBank «Даму» қорымен орнатқан ынтымақтастықтың аясында бизнесті қаржылай қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысады. Бизнеске берілетін қарыздар мен осы бағыттың маңызы туралы әлі де сөз етеміз.
Жыл басынан бері несие портфелінің өсімі бойынша екінші орынға Kaspi Bank орналасты: көрсеткіш 727,4 млрд теңгеге артып, 6,8 трлн теңгеге дейін жетті. Үздік үштікті Halyk Bank түйіндейді: көрсеткіш 601,2 млрд теңгеге өсіп, 12,3 трлн теңгеге дейін жетті.
Сонымен қатар Банк ЦентрКредитте (плюс 217,7 млрд теңге), Freedom Bank-те (плюс 154,5 млрд теңге) және тұрғын үй қарызын беретін Отбасы банкінде (плюс 129,4 млрд теңге) оң көрсеткіш байқалды.
Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер тақырыбына қайта оралайық. Қаржыға қолжетімділік еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына және өндірістің белсенді жұмыс істеуіне жол ашады.
2024 жылдың төртінші тоқсанында ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес көптеген кәсіпкерлер қаржының қолжетімділігінің маңызын және тиімді пайыздық мөлшерлеменің рөлін ерекше атап өтті. Қаржыландырудың қолжетімділігін «өте жаман» және «жаман» деп бағалаған кәсіпкерлердің үлесі 20,8% және 8,3%, ал «жақсы» және «өте жақсы» деп баға бергендер 12,9% және 37,6% болды. Демек, кредиттік қолдау Қазақстандағы табысты бизнес пен өндірістік белсенділіктің ажырамас бөлігі болып қала береді.
Жағдайдың осылай болуы орынды: төменде көрсетілген кестеден заңды тұлғаларға кредит беру арқылы экономиканы қаржыландыру көлемінің өсімі мен іскерлік белсенділік индексінің динамикасы арасындағы өзара байланыс айқын көрінеді. Айта кетерлігі, 2023 жылдың сәуір–шілде айларында бизнеске кредит беру саласында құлдырау кезеңі болды, бұл алдымен іскерлік белсенділік көрсеткіштерінің төмендеуіне, кейіннен индекстің теріс аймаққа (50-ден төмен) өтуіне алып келді. Кейін кәсіпкерлікті қаржыландыру артып, жағдай реттелді, бүгінде іскерлік белсенділік көрсеткіштері тұрақты түрде оң аймақта сақталып отыр.
Кредит алу мүмкіндігі, банктердің кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуы және ЕДБ-ның бизнеске кредит беру бағытындағы жеке бастамалары экономиканы қарқынды дамытуда және де шикізаттық емес сектор мен «ақылды» өндірістерде айрықша маңызға ие.
Еліміздегі жетекші банктер бизнеске кредит беру бағытын жүйелі түрде дамытып келеді. Мәселен, биылғы көктемде ForteBank Еуропа, Таяу Шығыс және Латын Америкасы елдеріндегі 14 халықаралық банктен 200 млн АҚШ доллары көлемінде синдикатталған кредит алды. Аталған қаражат Қазақстан экономикасының нақты секторын қаржыландыруға (басқаларымен қатар) бағытталатын болады.