Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған Demo Day өтті. Іс-шара аясында Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы (TSARKA) ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар шешімдерді таныстырды. Олардың қатарында қауіпсіз смартфон, WebTotem жобасы, Tumar.One платформасы және дербес Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы (АЖО) бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қауіпсіз смартфон және алаяқтарға қарсы токен
TSARKA-ның R’n’D жетекшісі Игорь Сенюшин отандық әзірлемелерді – қауіпсіз смартфон мен алаяқтардан қорғауға арналған USB-кілтті (токен) таныстырды. Ол құрылғылардың мақсаты мен олардың нақты жағдайда қалай қолданылатынын түсіндірді.
«Біздің мақсатымыз – пайдаланушыларға күнделікті өмірде цифрлық қауіп-қатерлерден қорғайтын құралдар беру», – деп атап өтті Игорь Сенюшин.
Сонымен қатар, саланың жүйелі мәселелері де қозғалды. Мысалы, қолданыстағы кеден заңы тек сериялық өндірісті қолдаса, ал жобалау мен инновацияларға арналған бизнес көп жағдайда қолдаусыз қалып жатады.
Tumar.One – краудсорсингтік қауіпсіздік платформасы
Demo Day аясында таныстырылған жобалардың бірі – Tumar.One. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі краудсорсингтік киберқауіпсіздік платформасы. Қазіргі таңда оның базасында шамамен 3 000 зерттеуші, 4 500-ден астам қабылданған есеп және жыл сайын ондаған расталған осалдықтар бар. Платформа ұлттық деңгейде мойындалды және Сенімді БҚ тізіліміне енгізілді. Оның тиімділігі банк секторы, телеком, білім беру және мемлекеттік қызметтер бойынша тәжірибелік кейстер арқылы дәлелденген.
«Біз компаниялар мен зерттеушілер бірлесе жұмыс істеп, ақауларды қылмыскерлер пайдаланғанға дейін тауып, жоюына мүмкіндік беретін орта құрдық», – деп атап өтті Tumar.One BugBounty платформасының директоры Бекарыс Қаби.
WebTotem – цифрлық активтерді бақылау
Келесі спикер WebTotem жобасының жетекшісі Руслан Тургульдинов болды. Ол бүгінде әлем бойынша ондаған мың ресурспен жұмыс істеп жатқан цифрлық активтерді бақылау және қорғау жүйесі туралы айтты.
Қазіргі таңда жобаның корпоративтік нұсқасы бар, ол ірі ұйымдардың процестеріне қызметті интеграциялауға мүмкіндік беріп, домендерді бақылап, қауіпті жағдайларды дер кезінде жоюға көмектеседі.
«WebTotem компанияларға өздерінің цифрлық активтерін көруге және оларды инцидентке айналмай тұрып қорғауға көмектеседі», – деді Руслан Тургульдинов.
Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы – бизнестің киберқалқаны
Demo Day-дің қорытынды бөлігінде Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы (АЖО) таныстырылды.
«Бүгінде бизнес цифрлық ортада өмір сүреді, ал хакерлер тәулік бойы шабуыл жасайды. Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығының міндеті – үздіксіз жұмыс істеп, компанияларды парализациялауға жол бермейтін қалқан болу. Біз бұл қызметті шағын, орта және ірі бизнеске қолжетімді етеміз», – деді TSARKA-ның коммерциялық директоры Полат Тоқтахунов.
Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы клиенттерге төмендегілерді ұсынады:
• инфрақұрылымды тәулік бойы бақылау;
• қауіп-қатерлерді ерте анықтау және бұғаттау;
• инциденттерге жедел әрекет ету және тергеу;
• заңнама мен халықаралық стандарттарға (СТ РК, ISO 27001) сәйкестік;
• аудит және тәуекелдерді бағалау.
TSARKA цифрлық ортаны қауіпсіз етуге бағытталған технологияларды дамытуды жалғастырып, бизнес, мемлекет және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.