Астанада Қытай халқының Жеңісіне арналған фотокөрме ашылды

1243
Фотосурет: Тимур Раев

Елордада Әскери-тарихи музейде Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің және дүниежүзілік антифашистік соғыстағы жеңісінің 80 жылдығына орай “Ұлттық тәуелсіздік пен әлемдегі бейбітшілік үшін” тақырыбында фотокөрме ашылды. 

80 жылдығын қытай халқы өз өмірін құрбан етіп, ұлттық ар-намыс пен егемендікті қорғап, фашизмге қарсы күреске өшпес үлес қосты. Бүгін араға 80 жыл салып, фотосуреттер арқылы ұлы тарихи кезеңге көз жүгіртіп, қазіргі дамуымызға сенім беретін рухани күшті біріктіріп жатырмыз. 

Фотосурет:Тимур Раев

Көрме төрт бөлікке бөлінген. Барлығы 125 фотосурет қойылған. Суреттерде қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы жеңісінің ұлы жолы бейнеленген.

Фотосурет:Тимур Раев

Көрменің ашылуында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь сөз сөйлеп, атаулы датаның маңызына тоқталды. Ол Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жанқиярлық күресін атап өтіп, бұл жеңістің жаңа заман тарихындағы алғашқы ірі жетістік болғанын айтты. Елшінің айтуынша, Қытай майданы Екінші дүниежүзілік соғыстағы антифашистік жеңіске шешуші үлес қосып, одақтастарға стратегиялық кеңістік ашты. Осы еңбектің арқасында Қытай БҰҰ-ның негізін қалаушы елдердің бірі болып, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі мәртебесіне ие болды.

Фотосурет:Тимур Раев

Қытай халқының Жапонияға қарсы соғыстағы жеңісі – жаңа заман тарихында шетел басқыншыларына қарсы қол жеткізген алғашқы толық жеңіс болды және қытай ұлтының ұлы жаңғыруындағы шешуші бетбұрысқа айналды. Тынық мұхиты соғысы басталғанға дейінгі он жылда Қытай дерлік жалғыз өзі Жапонияға қарсы соғыс жүргізді. 35 миллионнан астам адам шығынының есебінен қытай халқы ел үшін, ұлттың жаңғыруы үшін, адамзат әділеті үшін жазылмас ерлік дастанын жырлады. 14 жыл ішінде Қытай армиясы 22 ірі соғыс, 200-ден астам маңызды операция және 200 мыңға жуық ұрыс жүргізіп, Жапонияның «үш айда Қытайды жоямыз» деген жоспарын күл-талқан етті. Бұл жеңіс ұлттың бірлігін күшейтіп, жаңа Қытайдың құрылуына берік негіз қалады, - деді Қытай елшісі көрмеде сөйлеген сөзінде.

Фотосурет:Тимур Раев

Сондай-ақ Хань Чуньлинь тарихты бұрмалау әрекеттеріне жол бермеу қажеттігін ерекше атап өтті. Ол Тайваньның Қытайға қайтарылғанына да 80 жыл толғанын еске салып, бұл фактінің халықаралық құжаттармен бекітілгенін жеткізді. Елші соғыстың қасіреті халықтарды бейбітшілік пен тұрақтылықты қадірлеуге шақыратынын айтып, тарихтан сабақ алып, болашаққа сеніммен қарау керектігін жеткізді.

Фотосурет:Тимур Раев

Бүгінгі әлем әлі де тұрақсыз, геосаяси қақтығыстар жиі орын алуда. Соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпті сақтау, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізу – бүкіл әлем халықтарының ортақ тілегі. Біз Ұлы Жеңісті еске алу арқылы өшпенділікті жалғастырмаймыз, керісінше тарихтан сабақ алып, болашаққа қараймыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың ащы сабақтары бізге үстемшілдік пен «кім мықты – сол құқықты» деген заңға қайта оралуға болмайтынын көрсетеді. Бейбітшілікті сүйетін әлем халықтары қанмен және жанмен жазылған тарихты ұмытпай, нағыз көпжақтылықты қорғап, адамзат прогресі жолында бірге тұрып, қол ұстасып, жарқын әрі тыныш болашақты бірге құруы тиіс! – деді елші.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұсабеков бүгін өте маңызды, тарихи іс-шара өтіп жатқанына назар аударды.

Фотосурет:Тимур Раев

Бүгін тек Қытай халқы үшін ғана емес, сонымен бірге әлем халқы үшін бейбітшіліктің салтанаты мен әділеттіктің жеңісін білдіретін маңызды тарихи оқиға. Қытай халқы 1937 жылдан бастап жапон басқыншылығына қарсы жанқиярлық күрес жүргізді. Бұл соғыс Қытай үшін 8 жылға созылып, миллиондаған адамның өмірін алып кетті. Халықтың табандылығы мен хаһармандығы  жапон басқыншылығы қарсы күрес пен соғыстағы жеңіске үлес қосты. Қазақстандықтар да бұл ортақ күрестен тыс қалған жоқ. Кеңес одағының құрамында жерлестеріміз Қиыр Шығыстағы майданға қатысып, Жапонияға қарсы шайқастарда ерлік көрсетті. 1945 жылдың тамыз айында басталған операцияда мыңдаған қазақстандық жауынгер болды. Олар жапон армиясына қарсы күреске қатысып, Азиядағы соғыстың аяқталуына үлес қосты, - деді Асқар Мұсабеков.

Фотосурет:Тимур Раев

Ол бұл көрме тарихты еске алумен бірге батырлардың еңбегін ұлықтап, бейбітшіліктің қадірін түсінуге сілтейтін жиын екенін айтты.

Тимур Раев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -