Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушыларға кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу тәртібі туралы еске салады, сондай-ақ 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енетін осы саладағы заңнамалық өзгерістер туралы хабарлайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мерзімінен бұрын өтеу қарыз алушыға пайыздар бойынша артық төлемді қысқартуға және борыштық міндеттемелерді орындауды жеделдетуге мүмкіндік береді. Ол толық – барлық берешекті өтеумен немесе ішінара – белгіленген кестеден тыс соманы енгізумен болуы мүмкін. Кредитті ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезінде ай сайынғы төлем мөлшерін сақтай отырып, кредит мерзімін қысқартуға немесе қарыз мерзімін сақтай отырып, ай сайынғы төлем сомасын азайтуға болады.
Қаржы ұйымдары заңнама шеңберінде мерзімінен бұрын өтеу тәртібін айқындауға құқылы: ең төменгі сомаларды, өтініш беру мерзімдерін және есептеу күндерін белгілеуге құқылы. Қарыз алушыларға қайта есептеудің таңдалған әдісін банк пен алдын ала келісу, сондай-ақ қаражатты есептен шығару тәртібін, сақтандыру сыйлықақыларын қайтару және ипотека бойынша ауыртпалықты алу ерекшеліктерін нақтылау ұсынылады.
Өзгерістер күшіне енгенге дейін банктер мерзімінен бұрын өтегені үшін: алғашқы алты ай ішінде – бір жылға дейінгі мерзімге қарыздар бойынша және бірінші жыл ішінде – бір жылдан астам мерзімге қарыздар бойынша айыппұл санкцияларын қолдануға құқылы.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл санкциялары тек заңды тұлғаларға ғана қолданылатын норма күшіне енеді. Жеке тұлғалар кредиттерді кез келген уақытта айыпақы төлемей мерзімінен бұрын өтей алады. Бұл норма барлық шарттарға, оның ішінде бұрын жасалған шарттарға қолданылады. Алайда, өзгерістер күшіне енгенге дейін төленген айыппұлдар мен айыпақы қайта есептелуге немесе қайтарылуға жатпайды.
Мерзімінен бұрын төлемдер борыш жүктемесін азайтуға, кредиттік тарихты жақсартуға және қарыз алушылардың қаржылық орнықтылығын нығайтуға ықпал етеді. Мерзімінен бұрын өтеу туралы шешім қабылдағанға дейін қаржылық резервтің болуын және бос қаражатты пайдаланудың ықтимал баламаларын бағалау ұсынылады.