Карқаралы ұлттық паркінің автопаркі жаңа өрт сөндіру машиналарымен толықты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарағанды облысында табиғатты өрттен қорғау шаралары күшейтілді. Карқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне отандық өндірістегі заманауи өрт сөндіру машиналары берілді – олар анағұрлым мобильді әрі тиімді.
Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен ел бойынша өртке қарсы техника паркін жаңарту жоспарланған. Алғашқы болып мұндай техниканы Карқаралы алды.
Ұлттық паркке QazTehna зауытында құрастырылған HOWO маркалы сегіз жаңа автоцистерна берілді. Бұл машиналар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің техникалық тапсырмасы негізінде жасалған, ең күрделі жағдайларда жұмыс істеуге арналған. Техника экологиялық жағынан тиімдірек және ЕВРО-5 стандартына сай.
– Өте қажет техника болды. Бүгінде бізде норматив бойынша техника бар, бірақ оның басым бөлігі ескірген. Сонымен қатар біз жаңа орман өрт сөндіру бекеттерін салып жатырмыз, оларды да жабдықтау қажет. Жаңа машиналар Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингке алынды. Олар барлық қажетті өртке қарсы-техникалық құралдармен жабдықталған. Су цистернасының сыйымдылығы көбірек. Жалпы алғанда, бұл машиналар жол талғамайтын қабілетімен ерекшеленеді, ең қиын жететін орман учаскелеріне де баруға мүмкіндік береді. Бұл өрт шыққан жағдайда жедел шара қолдануға және орман өртінен келетін зиянды азайтуға сеп болады, – деді Карқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Руслан Төлепбаев.
Сонымен қатар әрбір техникада кузов пен доңғалақ доғаларын суландыру жүйесі бар. Өртті тіпті жүріп келе жатып та сөндіруге болады. Мұның бәрі орман өрттерімен тиімді күресуге және облыс пен елдің табиғи байлықтарын сақтауға көмектеседі.
Биыл Карқаралы ұлттық паркінде өртті ерте анықтау жүйелері де пайда болады. 18 бейнебақылау камерасы орнатылған мұнаралық құрылымдар қою жоспарланған.
Бұл жабдық та Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен алынып жатыр. Жаңа жүйе өртті дер кезінде байқап, оны бастапқы кезеңінде оқшаулауға мүмкіндік береді.