Қарауыл - адалдықтың айғағы

1320
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі ел қорғаны болған сарбаздардың сенімді иығында. Себебі әскер қатарына алынып, Отан алдындағы қасиетті парызын өтеп жүрген сарбаздар күні-түні еліміздің қауіпсіздігінің күзетінде жүр. Әрине ол сарбаздардың бірі ел етегін жауға таптатпай шекарамыздың күзетінде тұрса, енді бірі Ұлттық ұлан әскер қатарында Отан алдындағы борышына адал болып, қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар түрлі себептермен жаза басып темір тордың арғы жағында отырған сотталушыларды күзетіп жүр. Бүгінгі біздің әңгімемізге дәл осы жолда аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген сарбаздар мен сардарлардың өмірі арқау болмақ.  

Бүгінгі  таңда  Ұлттық ұлан әскері - мемлекеттік маңызды стратегиялық нысандарды, темір тордың арғы жағында отырған қылмыскерлерді күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау сондай-ақ төтенше жағдай кезінде алғашқылардың бірі болып көмекке келу сынды жауапты жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Құқықтық тәртіп әскерінің өзге әскери құрлымдардан ерекшелігі – олар күнделікті жауынгерлік қызметке түсіп, бұзақымен бетпе-бет кездеседі.  Олар қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады. Қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етіп, шұғыл жағдайда ең алдымен көмекке келетін де осы Ұлттық ұлан сарбаздары. Сондықтан да халық Ұлттық ұлан әскеріне әрқашан құрметпен қарап, олардың адал қызметіне жоғары баға беріп келеді. Ондай алғыстарды күнделікті әлеуметтік желілерден көріп те, біліп жүрміз.

Жалпы Ұлттық ұлан әскері мемлекетіміздегі тоғыз түрлі маңызды  тапсырмаларды орындайды. Солардың бірі түзеу мекесін күзететін қарауылдық қызмет. Бұндай қызметті ерік-жігері мығым, рухы мықты, әскери тәртіпке берік жауынгерлер атқарады. Осы орайда Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің қарамағындағы аға лейтенант  Тұрсынбек Бекасыл басқаратын 1-ші атқыштар ротасының сарбаздары ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде. Сарбаздардың тыныс-тіршілігімен тереңірек танысу мақсатында бөлініске барып, жас жауынгерлердің күнделікті күн түзбесімен танысып қайттық. 

Біз ротаға барған күні жас сарбаздар жауынгерлік қызметтің алғашқы күніне түсуге дайындалып жатыр екен. Осыдан бір ай бұрын Отанға адал болуға әскери ант қабылдаған жас жауынгерлер сол күннен бастап, өз еріктерімен түзету мекемесін күзетуге шыққалы жатты. Кейін белгілі болғандай әскери ант қабылдаған жас сарбаздармен бір айдың көлемінде жауынгерлік қызмет барысы туралы, түрлі әдістемелік сабақтар өткізіліп тіпті түзету мекемесіне  тәлімгер ретінде жауынгерлік қызметке түсіп те үлгеріпті.

Жауынгерлік қызмет – жас сарбаздар үшін әскери өмірлеріндегі ең маңызды бөлігі. Себебі жауынгерлік қызмет – сарбаздардың жауынгерлік әзірлігін шыңдап қана қоймай, олардың тәртіпке, қырағылыққа және төзімділікке үйренуіне жол ашады.Әрбір жас сарбаз үшін қолына жауынгерлік қару алып, түзеу мекемесінің күзету мұнарасында тік тұру – зор сенім мен үлкен жауапкершілік.

Ротаға кірген сәтте сарбаздардың жылы жүздерінен салмақтылық пен жауынгерлік қызметке деген дайындықтың бейнесін байқадым. Кеше ғана әскерге келген бозбалалар бүгінде әскери өмірдің темірдей тәртібіне бой үйретіп, әскер қатарында бір ай емес  бір жыл жүргендей үйреніп қалыпты. Менде әрмен қарай жас сарбаздардың жауынгерлік қызметке дайындық барысымен танысуды жалғастыра бердім. 

Қызметке түсер алдында жеке құрам демалады, жарғыны пысықтайды, қарауыл қалашығында жаттығады. Әрбір қызметке таратылу алдында қарауыл жеке құрамы емтихан тапсырғандай болады. Сонан соң барабанның үнімен қарауыл жеке құрамы сап түзеп, қадамдарын нық басып қызмет орындарына аттанады. Жалпы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімі қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, Батыс Қазақстан облысында орналасқан екі бірдей түзету мекемесін күзетеді. Соның бірі біздің әңгімемізге арқау болып отырған 5517 әскери бөлімінің 1 атқыштар ротасы күзететін  Қылмыстық атқару жүйесі камитетінің №27 мекемесі. 

- Иә, бұндай  қарауылдық қызметте  күнбе  күн  қару  асынып, күзет мұнарасында күзетте тұрған сарбаздардың әскери қызметі өте күрделі де жауапты. Сарбаздардың бір-біріне деген қаруластық бауырмалдығы да осындайда көрінеді. Жауынгерлік қызметтің үздіктері деп мақтанышпен келесілерді атай аламын олар: қарауыл бастығы 3 сынып сержанты Арман Жұмағалиев, қарауыл бастығының көмекшісі аға сержант Бахтияр Мұқанов, сақшылар Әлихан Жолдас, Алымбек Башбалаев, Алмас Габбасов, Нұрсейт Айдарбек, Есбол Сисенбай тағы басқалары. Олар тек жауынгерлік қызметте ғана емес  жауынгерлік  дайындықта да үздіктер қатарында дейді рота командирі аға лейтенант Бекасыл Тұрсынбек. 

- Бағыма орай болар, өзім күзететін мекемеден әзірге ешкім қашқан емес. Қашпақ түгілі, әрекет еткендер де болған жоқ. Бірақ тиым салынған заттарды сырттан ішке, іштен сыртқа лақтырмақ болғандар аз болған жоқ, - дейді қарауыл бастығы, 3 сынып сержанты Арман Жұмағалиев.

Жоғарыда айтылған дайындықтың барлығынан өтіп, таралым аяқталысымен қарауыл жеке құрамы бір күнге жетерлік азық-түліктерін техникаларға тиеп қызмет орнына жөнеле бастады. Олардың жауынгерлік қызметін өз көзіммен көру мақсатында мен де қарауыл жеке құрамымен бірге қызмет орнына бет алдым. Көп ұзамай 1 атқаштар ротасы күзететін Қылмыстық атқару жүйесі камитетінің №27 мекемесіне де келіп жеттік. Қарауыл үй-жайына кірісімен сарбаздар бірден ауысымға дайындықты бастап кетті. Арада көп уақыт өтпестен қарауыл бастығы 3 сынып сержанты Арман Жұмағалиев «Бірінші ауысым саптал», - деп дауыстап пәрмен берді. Қарауыл бастығының пәрменін естіген сарбаздар қару сақтауға арналған пирамидадан қаруларын алып, сап түзеп тұра қалды. Әрмен қарай қарауыл бастығы сарбаздарға жауынгерлік бұйрық беріп, ескі қарауыл жеке құрамын ауыстыру үшін периметрге де шығып кеттік. Қарауыл бастығы Арман Жұмағалиевтің бастауымен  біз түзеу мекемесін қоршаған периметрдің бойымен жүріп  келеміз. Қарауыл бастығының басқаруымен жарғы  талабына сай әр күзет  мұнарасында  тұрған  күзетшілер кезекпен ауысып жатыр. Осы сәтте бірден сырт көзбен байқағаным, сарбаздар өз міндетін толық меңгеріп, әдістеніп алғаны көрініп–ақ тұр. Сақшылардың бет-жүзіне қарасаң көздерін із кесу жолағынан алмайды.

Бірінші кезіккен бекет жанына келгенде 3 сынып сержанты А.Жұмағалиев  Мәди Ерсінге: «Бекетті уақытша күзетуге, қорғауға ал» деп бұйрық берді. Өз кезегінде бекетте тұрған сақшы қатардағы Азамат Сағынғали, өткен уақытта өзіне бекітіліп берілген аймақта, күзету мұнарасында ешқандай оқыс оқиғалар болмағанын баяндады.

 - Біздің әрқайсымызға жүктелген міндет әрбір ер азаматтың абыроймен атқаратын адал ісі деп есептеймін. Өзіме жүктелген істі дер уақытында талапқа сай орындау, ақ ниетпен атқару – жауынгерлік парызым. Қазіргі уақытта 5517 әскери бөлімінде  қарауылдық қызметте сақшы болып  мақтанышпен қызмет етемін. Ал әскери бөлімде бәрімізге жауынгерліқ қызметімізді алаңсыз атқаруға барлық жағдай жасалған. Бір  сөзбен  айтқанда , тамақ тоқ, көйлек  көк, тек әскери талапты орында. Негізгі ойым – Отан алдындағы  азаматтық борышымызды адал атқарып, содан кейін әскерде келісім-шарт бойынша шарт жасасып қалғым келеді деп, - сөзін қорытындылады қатардағы жауынгер Азамат Сағынғали.

 Өз кезегінде сақшы қатардағы  жауынгер Арсен Ауелов бақылау мұнарасында күзетте тұрғанда, қоршауларын зерек қарап, қызметі туралы пост табелінде  бекітілген мерзімде байланыс құралдры арқылы қарауыл бастығына баяндап тұрады. Қарауыл бастығынан, оның көмекшісінен және солардың жанында жүрген адамдардан басқа ешбір жанды пост табелінде көрсетілген және тыйым салынған арақашықтықтан жақын жібермейді. Әскери қызметте тек жарғы талабымен  ғана іс - әрекет ету керектігін Арсен жақсы түсінген.

- Сотталушыны ішікі тыйым салынған аймақта қадағалау – басты міндетіміз. Сондықтан жауынгердің басты қаруы да қырағылық. Қызметіміз үлкен табандылық пен жауапкершілікті талап етеді.Осы күнге дейін қырағылықтың арқасында оқыс оқиға болып көрген жоқ. Оны болдырмаймыз да, - дейді қатардағы жауынгер Арсен Ауелов .

Сондай-ақ, аға сержант Жамбыл Балахметов та өзінің жауынгерлік күзетшілік-операторлық  міндетінің  қандай маңыздылығы бар екенін жақсы біледі.Ол қызмет барысында техникалық күзет құралдарының белгі қабылдау аппаратурасын, индикаторларды жіті  қадағалайды. Өзіне келіп түскен мәлеметті  дереу тиісті  жерге  баяндайды.Сондықтан болар  түзеу  мекемесі күзетінің барлық  байланыс пен  кедергі құралдарының жүйесі тоғысқан осы басқару тетігінде операторлық қызметті аға сержант Ж. Балахметов бес саусақтай  керемет   біледі.

Ал, 6-шы бекет сақшысы қатардағы жауынгер Ильяс Қабдрахман да өз бекетін және өзіне бекітілген аймақ пен із кесу жолақтарын  қырағы қарап тұр.

Осылайша ұзақтығы мың екі жүз метрді құрайтын периметрді айналып біріншіден  сақшыларды ауыстырып, екіншіден із-кесу жолақтарын тексеру барысында қарауыл жеке құрамы мен танысып, әңгімелесіп те үлгердім. Осы тұста айта кететін жайт, жауынгерлік қызметке жаңадан енген жас жауынгерлер қарауыл үй жайына жақын бекеттерге түседі екен. Мұның себебін білу мақсатында қарауыл бастығынан сұраған кезімде былай деп жауап қатты:

- Қарауылдық қызметке жалпы саны 17 сарбаз түседі, оның 15-і сақшы ал 2-еуі аспаз. Сол сақшылардың 5-і жауынгерлік қызметке алғаш түсіп жатқан жас сарбаздар. Олар әбден үйренгенше өзіміздің бақылауымызда болу үшін қарауыл үй-жайына жақын жердегі бекеттерге қою көзделген. Бұл жас жауынгерлердің алғашқы күндерінен бастап жауынгерлік қызметке бірте-бірте үйренулеріне мүмкіндік береді. Әскери өмірге жаңа қадам басқан сарбаздардың әрқайсысы өз қызметін дұрыс атқарып, сенімділік танытуы тиіс. Сол себепті біз оларды әуелі жақын бекеттерге қойып, жауынгерлік қызметтің ерекшеліктерін үйретеміз дейді, - қарауыл бастығы 3 сынып сержанты Арман Жұмағалиев.       

Иә, сөз соңында айтарымыз Ұлттық ұлан сапында осындай аса жауапты қарауылдық қызметте қандай болсын дұрыс шешім қабылдап, оны батылдықпен іске асыру керек. Тек қана жарғы талабына ғана жүгінген сарбаз осы жауапты тапсырманы абыроймен атқарып шығады. Бізде өз кезегімізде осылайша сарбаздардың атқаратын жауапты қызметтеріне өз көзімізбен куә болып, жас жауынгерлердің алғашқы қызметтеріне сәттілік тілеп қайттық.

Майор Ертуған ӘУБӘКІР,

Орал қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -