«Әскери медицина ардагерлері» қоғамдық бірлестігі әскери медицина саласында еңбек еткен ардагерлерге жан-жақты көмек көрсетіп, зейнеткерлер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуына қатысты мәселелерді шешеді. Сонымен қатар медициналық, заңдық және өзге де көмектер көрсетілуіне ықпал жасайды.
Қоғамдық бірлестікті отставкадағы медицина қызметінің полковнигі Найман Оқапов басқарады. Ардагердің барлық еңбек жолы Қарулы күштермен тығыз байланысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ол 10 жыл бойы Алматыдағы ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталін басқарды, мекеме қызметінің бастауында тұрды және ҚР ҚМ медициналық қамтамасыз ету департаментінің бірінші бастығы болды.
"Біздің негізгі мақсатымыз – әскери медицина ардагерлеріне әлеуметтік, медициналық, заңдық және басқа да қорғауға қатысты мәселелерді шешуде көмектесу ғана емес, сондай-ақ олардың тәжірибесін, білімін кәдеге жарату" Найман Оқапов
Бірлестіктің қызметіне түрлі конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар ұйымдастыру және әскери дәрігерлерді насихаттау да кіреді. Қазіргі таңда бірлестіктің Талдықорған, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Астана және Семей қалаларында өкілдері бар. Бұл – сол қалаларда әскери қызметін өтеп, кейін сонда тұрақтап қалған ардагерлер. Ұйымның құрамына тек әскери дәрігерлер ғана емес, сонымен бірге орта буын медицина қызметкерлері, медтехниктер мен әскери-медициналық мекемелердің тылдағы қызметкерлері де кіреді. Ардагерлер жергілікті гарнизондардағы әскери бөлімдермен байланыста болады, тактикалық-арнайы сабақтар мен оқу-жаттығуларды ұйымдастыру мен өткізуге әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді, салтанатты іс-шараларға қатысады, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеумен айналысады.
«Әскери медицина ардагерлері» қоғамдық бірлестігі ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасымен меморандумға қол қойды. Бұл құжат денсаулық сақтау саласына қатысты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған. Мәселен, Қорғаныс министрлігі әскери медицина академиясын ашуды жоспарлап отыр. Ал бұл бастаманың ұйымдастырушылық құрылымын әзірлеуге бірлестік мүшелері тікелей қатысты. Ардагерлер жаңа оқу орнында сабақ беруге дайын.
«Әскери медицина ардагерлері» ұйымында тәжірибелі мамандар жеткілікті. Көптеген әскери дәрігерлер Қарулы күштерде 40 жыл қызмет етті. Мысалы, отставкадағы медициналық қызметтің полковнигі Файзолла Жәмеев әскери терапевттер мектебінің негізін қалады, ол көптеген әскери дәрігерлерді лейтенанттардан полковниктерге дейін тәрбиеледі. Ал отставкадағы медицина қызметінің полковнигі Есімғали Таласбаев Беларусь әскери округінде қызмет еткен кезде бас қан тамырлары хирургі болған. Қоғамда Ауған соғысының ардагерлері де бар.
– Басты мақсатымыз әскери медицина ардагерлеріне әлеуметтік қорғау мәселелерін шешуде көмектесу және ардагерлерге медициналық, заңдық және өзге де көмек көрсетуге жәрдемдесу ғана емес, олардың әлеуетін пайдалану, – дейді ол.