Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технология барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды.
– Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысын баршаңыз көріп отырсыздар. Жаһандық геосаяси ахуал тұрақсыз, құбылмалы, сын-қатерлер аз емес. Бірақ қытай халқының белгілі пайымдауына сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір – инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл – түсінікті, заңды үрдіс. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында алдымызға айқын мақсат қойылғанын айтты. Соған сәйкес, Қазақстан алдағы үш жылдың ішінде цифрлық ел болуы керек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет.
– Бірнеше күн бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясындағы сөзімде еліміздің даму бағдарына арнайы тоқталдым. Сондай-ақ дүние жүзінде болып жатқан үдерістерге Қазақстанның көзқарасын білдірдім. Жаһан жұрты береке-бірлікте өмір сүру үшін өзара сыйластықты, теңдік пен ынтымақтастықты таңдауы қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында табысты қарым-қатынас орнайды. Осы айдың басында Қытайға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Онда құны 15 миллиард доллар болатын 70 инвестициялық келісімге қол қойылды. АҚШ-қа сапарым кезінде әлемдік компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткіздім. Оның ішінде Amazon, Meta сияқты жасанды интеллект және жоғары технология саласындағы ірі корпорациялар бар. Сондай-ақ қаржы-инвестиция саласындағы Goldman Sachs, Blackstone, Cerberus Capital Management, Citigroup корпорацияларының жетекшілерімен кездестім. Wabtec, PepsiCo және басқа да ірі компаниялармен коммерциялық келісімдер жасалды. Сапар аясында экономикамыздың басты салаларын қамтитын 11 келісімшартқа қол қойылды, жалпы құны 5,2 миллиард доллардан асады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің келешегі жарқын болғанын қаласақ, жоғары технология мен жасанды интеллектіні қазірден бастап тиімді пайдалану керек екенін атап өтті.
– Сондықтан соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнаттық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашылды. Технология парктері және инжиниринг орталықтары құрылуда. Ұлттық Ғылым академиясының беделі нығая түсетін болды. Әр аймақта Ғылым жөніндегі кеңестер жұмысқа кірісті. Ғалымдардың мүддесін қорғауға баса мән беріп отырмыз. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, ғылымды басқарудың жаңа құқықтық негізі қаланды. Ұлттық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту, бұл – аса маңызды, түйінді мәселе, оны басты назарда ұстау қажет. Жас ғалымдарға барынша жағдай жасала беруі керек. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар, бұл жұмысқа бәріміз бірге жұмылып, бір ұжым болып, тиянақты қатысуымыз керек. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қалып қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бүгінгі жиынында атом саласын дамыту мәселесі талқыланды. Президент көтерілген маңызды мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін айтып, өз пікірін ортаға салған ғалымдарға ризашылығын білдірді.
– Елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Біз түрлі салаға озық технологияларды енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін электр энергиясы жеткілікті болуы қажет. Сондықтан біз қуат көздерін жан-жақты жаңғырту жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрдық. Жалпыұлттық референдумда атом электр станциясын салу жөнінде шешім қабылдадық. Шын мәнінде, атом энергиясы – еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі. Біз ғана емес, күллі жаһан жұрты осы саланы дамытуға мықтап кірісіп жатыр. Дүние жүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден астам ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 мемлекетте ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Біз осы салада озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастыққа баса мән береміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы таяуда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша жұмыстар басталғанына назар аударды. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.
– Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе. Әрине, біз бір атом электр станциясымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Қытай Төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін атап өтті.
– Қазақстанда бұл салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Біз – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің біріміз. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Осы басымдығымызды дұрыс пайдалану қажет. Атом станциясы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек. Жалпы, елімізде атом саласының ғылыми негізі бұрыннан бар. Кезінде әйгілі академик Қаныш Сәтбаев КСРО Министрлер кабинетіне хат жазып, Қазақстанда ядролық физиканы дамыту мәселесін көтерген. Көп ұзамай 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институты ашылды. Міне, сол кезеңнен бастап елімізде әлемдік талапқа сай ғылыми-технологиялық инфрақұрылым қалыптаса бастады. Астана, Алматы және Курчатов қалаларында арнайы қондырғылар іске қосылды, онда отандық және шетелдік ғалымдар белсенді жұмыс істеуде. Бертінге дейін Қазақстан, негізінен, шикізат экспорттады. Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйекті түрде арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. Атом электр станциясы бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ғалымдарымызға зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің атом ғылымындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бірінші кезекте осы саланың кадрлық әлеуетін арттыру қажет екенін жеткізді.
– Елімізде білікті инженерлер, техникалық мамандар тапшы. Бұл – шын мәнінде, өте өзекті мәселе. Атом саласындағы жағдай да дәл осындай. Ахуалды жедел түзеу керек. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық берген абзал. Менің тапсырмам бойынша «Болашақ» стипендиясының 70 пайызға жуығы техникалық-инженерлік мамандық иелеріне беріле бастады. Былтыр жасанды интеллект саласына жыл сайын 50-ден астам стипендия бөлу туралы шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота беріледі. Мұны технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір жер қойнауын игерушілер өз табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатқанына мән берді.
– Бұл – салық емес, оны еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосу деп түсінген жөн. Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар құруға ерекше назар аудару қажет. Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, институттың әлеуеті жоғары. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады. Сонымен қатар мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. Бұл осыған ұқсас басқа да жобаларға қатысты. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Аталған жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек. Сонымен қатар ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті тұр, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, тағы бір өте маңызды бағыт – ядролық медицинаны дамыту.
– Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға болады. Бұл, әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканы жан-жақты жаңғырту жуырдағы Жолдауының өзегі болғанын еске салды.
– Бұл міндет ғылым саласына, әсіресе, атом секілді инновациялық бағытқа тікелей қатысты. Цифрлық шешімдер ядролық нысандардың қолданыс циклін ұтымды басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығынды азайтып, барлық процестің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Жасанды интеллект аталған мүмкіндіктерді бірнеше есе күшейтеді. Қазіргі дамыған әлем жаңа технологиялық қалыпқа сәйкес түбегейлі экономикалық өзгерістер мен жаңғыру дәуіріне аяқ басты. Дәл осындай тарихи бетбұрыс кезеңінде көптеген ел өз мүмкіндіктерін жұмылдырып, дамуда зор серпіліс жасады, ғылыми-технологиялық жарыста алға озды. Оған тарихи мысалдар жеткілікті. XV-XVI ғасырларда Қытай әлемдегі экономикасы ең ірі ел болды, оның әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 60 пайызға жетті. «Аспанасты елі», «Орталық мемлекет» деген ұғымдар, соның ішінде императорға шетел өкілдеріне дейін тағзым ететін тиісті протоколдық рәсімдер осыдан шыққан. Бұдан кейін Англияда индустриалдық революция орын алып, іштен жанатын қозғалтқыш пайда болды. Қытай бұл өзгерістерден тыс қалды, соның салдарынан «апиын соғысы» деп аталған екі сыртқы агрессияның құрбанына айналды. Жаңа дәуірдегі Қытайдың кейінгі басшылары тарихи қателіктен сабақ алып, ғылымға, жоғары технологияға, жасанды интеллектіге басымдық берді. Оның нәтижесі айдан анық. Қазір Қытай барлық ел санасатын әлемдік державаға айналды. Сондықтан жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, шын мәнінде, біздің ұлттық стратегиямыз. Еліміздің болашағы мен оның әлемдегі озық мемлекеттер санатында болуы осы идеяны жүзеге асыруға тікелей байланысты. Жаппай цифрландыру азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалайды. Аталған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне сенімім кәміл. Мұндай саясат жастар арасында кеңінен қолдау тауып жатыр. Өскелең ұрпақ заман талабын жақсы түсінеді әрі технологиялық жаңалықтарға ашық. Әйтсе де қоғамда бұл мәселеге және күн тәртібіндегі басқа да проблемаларға күмәнмен қарайтындар бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл біз үшін қалыпты жағдай. Алайда мұндай ой-пікірлерді де ескеру қажет. Бәзбіреулер үшін мұндай міндеттер нақты іске ұласпай, сөз күйінде қалатындай көрінуі мүмкін. Бірақ Жолдауымда анық айттым: біз үшін, жалпы еліміз үшін басқа жол жоқ, әйтпесе ілгерілеуден, прогрестен, яғни даму көшінен қалып қойсақ, қауқарсыз, әлсіз халық боламыз, сыртқы күштердің кемсітуіне ұшыраймыз. Бұл – жай бәсеке емес, мәселе – басқада. Түптеп келгенде, бұл – Қазақстанның дербес ел ретінде өміршеңдігі деген сөз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың негізгі мақсат-міндеттері жайындағы ойымен бөлісті.
– Менің негізгі миссиям – қазіргі алмағайып кезеңде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлеуметтік-экономикалық дамудың берік іргетасын қалау. Бұл туралы ұдайы айтып келемін. Менің барлық шешімдерім осы өзекті міндеттерді іске асыруға бағытталған. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – іргелі әрі ұзақ процесс. Оның әлем экономикасына жанама әсерлері мен ықпалын мұқият зерделеп, анықтау қажет. Алайда бұл технологиялық үрдіс бүкіл халықтар мен мемлекеттердің келешегін айқындайды. Бұл салада қатып қалған қағида жоқ. Сондықтан біз жылдам қимылдап, ең батыл шешімдер қабылдаудан қорықпауымыз қажет. Сонда ғана біз өзімізге жүктелген тарихи миссияны орындай аламыз, яғни қалыптасып жатқан жаңа әлемнен лайықты орнымызды аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, атом саласының ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейту ісінде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор.
– Бұл бағытта біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік деп айтуға болады. МАГАТЭ, Біріккен ядролық зерттеулер институты (Ресей), Бүкіләлемдік ядролық университет (АҚШ), Еуропалық ядролық зерттеулер орталығы (CERN, Швейцария) және басқа да танымал ғылыми мекемелермен тиімді серіктестік жолға қойылды. Ғалымдарымыз термоядролық синтез, ядролық материалтану, радиациялық технология салаларындағы жаһандық ғылыми жобаларға атсалысуда. Мұндай халықаралық маңызды бастамаларға қатысу біздің ядролық ғылымның әлеуетін көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге инвестиция тартуға, бірегей технология мен білім трансферіне септігін тигізеді. Үкімет ядролық ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті күшейте түсуі керек. Сондай-ақ Қазақстанның көпжақты зерттеу жұмыстарына қатысу мәселесін пысықтауға тиіс. Атом энергиясы жөніндегі агенттік атом ғылымын дамыту үшін ұзақ мерзімге арналған ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеуі керек. Құжатта оны қаржыландырудың нақты жолдары көрсетілуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бірінші атом электр станциясын салу – ауқымды жұмыстың басы ғана. Бәсекеге қабілетті әрі дербес атом индустриясын қалыптастыруға күш салған жөн. Сонда біз энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмаймыз.
– Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік осыған қатысты стратегиялық құжат дайындап жатыр. Онда энергия тапшы аймақтарда шағын модульді реакторлар орнату мәселесі қамтылуға тиіс. Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ Президенті Дональд Трамп та жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлегенде «Климаттың өзгеруі дегеніміз, бұл – жаһандық алаяқтық» деп дәл солай айтты. Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық. Қазір Қазақстанда 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі. Бұл – жеткіліксіз. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні қарқынды дамытсақ, әлдеқайда көп энергия керек болады, бұл – анық нәрсе. Сондықтан елімізде барлық энергетика көздерін тиімді пайдалану қажет. Ең алдымен, көмір. Қазақстан жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ Президенті «Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды» деп өте дұрыс айтты. Расында, жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс екенін ескертті.
– Ядролық энергетиканың негізін қалау – ауқымды жалпыұлттық міндет. Атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі саналатынына қарамастан, АЭС құрылысында барлық экологиялық норманы сақтау – басты талап. Ғылыми және қоғамдық ұйымдармен конструктивті ықпалдастықты жолға қою маңызды. Азаматтарымыздың белгілі бір бөлігінде радиофобия бар. Одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Атом жобаларын жүзеге асыру барысында жергілікті бизнестің мүддесін ескеріп, отандық үлестің деңгейін барынша қамтамасыз ету керек. Кәсіпорындарымызда аталған саланың жоғары стандарттарына сай өнім шығару үшін ғалымдардың, инженерлер мен өнеркәсіп мамандарының күш-жігерін жұмылдырған жөн. Ядролық энергетика кең бейінді кәсіптік техникалық мамандар даярлауға тың серпін береді. Біз техникалық білім беру саласы дамыған цифрлық державаға айналуымыз керек. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысты өте маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Ахмет Байтұрсынов «Ғылым мен өнер артқан сайын бейнет кеми түседі» деген. Ғылыми жетістіктерді барлық салада жаппай пайдалану қажет. Ғылымсыз ештеңе де берекелі болмайды. Бұл анық нәрсе. Ал білім болмаса, қараңғылық пен надандық белең алады. Сондықтан қоғамда ғылым-білім культін орнықтыру қажет. Лайықты ғалымдарды, әсіресе, жас мамандарды қосымша қаржыландыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың қаржылық, ақпараттық, цифрлық және басқа да саладағы сауатын арттыру мәселесін көтерді.
– Ғалымдар әрдайым жасампаздық жаршысы болуға тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы халыққа ақыл айтатындар көбейіп кетті. Олардың арасында жалған ақпарат таратып, жұртты адастыратын адамдар аз емес. Осындай санасыз, пиғылы арам адамдардың теріс ықпалына түсіп, кейбір жастар ғаламторда неше түрлі өсек немесе халықты арандатуды көздейтін материалдар жаза бастады. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Тиісті мекемелер заманауи технологияларды пайдалана отырып, осындай деструктивті жазбаларды жазатын адамдардың аты-жөнін, тұратын жерін, бәрін анықтап алып жатыр. Олар жас болғаннан кейін әзірге түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Бірақ мұндай әрекеттер жалғаса берсе, тиісті мекемелер Заң мен тәртіп тұжырымдамасын орындау үшін басқа шара қолдануға мәжбүр болады. Мұндай сәтте ғалымдар үнсіз қалмауы керек, жастар арасында, жалпы қоғамда жан-жақты ағарту жұмысын жүргізуі керек. Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды, бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайлы қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасуы керек, – деді Президент.
Осы ретте Мемлекет басшысы ғалымдардың ағартушылық миссиясына ерекше назар аударды.
– Сіздер әр саланы терең білесіздер. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінесіздер. Соны жастарға айтып жеткізу керек. Олардың бойында әлеуметтік оптимизм қалыптастыру өте маңызды. Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс. Еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келеді. Бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181 миллиардтан 291 миллиард долларға көбейді. Биылғы 8 айдың өзінде экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 миллиард доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 миллиард доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын «тұрақты» деп болжап келді. Енді «жағымды» деген болжам жасауда. «Сырт көз – сыншы». Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Алайда халықаралық рейтингтерде жоғары орын иелену – біз үшін мақсат емес, оның үстіне бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды. Біз мұны түсінуіміз керек. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз. Бәріміздің мақсат-мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.