Астанада ауқымды экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» аясында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы (ҚР КФ) Еңбек күніне, Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және ҚР КФ-ның 35 жылдығына орай арнайы акция өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара экологиялық жағдайды жақсарту, абаттандыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне және әрбір азаматтың елдің экологиялық болашағы үшін жауапкершілігіне назар аудару мақсатында ұйымдастырылды.
Акция барысында ҚРКФ аппаратының қызметкерлері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастауымен елорданың орталық көшелерінің бірі – Тұран даңғылында 50 қарағаш пен тал көшетін отырғызды.
«Бүгін бұл іс-шараға еліміздің барлық саласы мен өңірлерінен кәсіподақ мүшелері қатысып жатыр: шахтерлер, металлургтер, дәрігерлер, мұғалімдер және басқа еңбек адамдары. Бұл жай ғана сенбілік емес – бұл біздің болашаққа деген көзқарасымызды білдіру. Бұл – елдік рухымызды көтеретін үлкен шара. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Бұл – біздің бірлігіміздің, Отанымызға, үйімізге деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі.
Жалпы алғанда, Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасын бүкіл халық қолдады. Біздің кәсіподақтар үшін бұл – тағы бір бірлік күні», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Акцияға кездейсоқ өтіп бара жатқан қала тұрғындары да қуана қосылды.
«Мен өмір бойы еңбек еттім, еңбектің қадірін білемін және қалама, табиғатқа қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін.
Бүгін жастардың, кәсіподақтардың және қарапайым халықтың бірге игі іс атқарып жатқанын көріп, қалыс қалғым келген жоқ. Бұл – нағыз еңбек пен бірлік мерекесі. Бүгін ерекше көңіл күй сыйлағандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын», — деп елордалық зейнеткер Қобыланды Базарбаев алған әсерін жеткізді.
Ұйымдастырушылар мұндай шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын, азаматтардың экология мен тұрақты даму мәселелеріне атсалысуын арттыру көзделгенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин акцияға қатысқан барлық азаматқа және серіктестерге ортақ іске қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, экологиялық жауапкершіліктің бір реттік акция емес, өмір салты мен кәсіподақтардың әлеуметтік миссиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті.