Астана студенттері аға буынға мерекелік көңіл-күй сыйлады

1056
Фотосурет: Gov

Астанада Менеджмент, бизнес және білім колледжінің бастамасымен өнерлі студенттер Сарыарқа ауданының зейнеткерлерін Қарттар күні мерекесімен құттықтап, оларға құрмет көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Екі буын өкілдері сахна төрінде өнер көрсетіп, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Өнерлі студенттермен қатар, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаздары да өнер көрсетіп, «Шашу» биін билеп, «Сарыжайлау» күйін шертіп, дәстүрлі және эстрадалық әндерді орындады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сонымен қатар, сәнқой әжелерден құралған «Kerbez models» тобының көрсетілімі, биші әжелердің «Элегант дэнс» би тобының «Ретро» вальсі, әнші Рауза Набиуллина орындауындағы музыкалық шығармалар кештің сәнін келтірді.

Өз кезегінде Еуразия гуманитарлық институтының студенттері театрландырылған «Қызыл жібек» қойылымын ұсынса, ал колледж студенті скрипкашы Сайлау Әліби жеке орындауда тамаша өнер көрсетті.

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған 3 жыл ішінде ардагерлер үйренген өнерлерін, жетістіктерін сахнада көрсетуде. Біздің Орталықтың қариялар өміріндегі орны бөлек. Бүгінде зейнеткерлеріміз Орталыққа деген алғыстарын жеткізіп, өзара ұйымшылдықты, достық пен ынтымақты нығайтуда»- деп сөзін түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Айару Бақытова.

Кеш соңында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұжымы мен зейнеткерлері, ардагерлер кеңесінің өкілдері колледж басшылығы мен студент жастарға дән ризашылығын білдірді.

Кештің ең әсерлі сәті – ардагерлер мен жастардың бір сахнада өнер көрсетіп, батл түрінде өнерлерін паш етуі болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -