Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасы шеңберінде нарыққа қатысушылармен төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жөніндегі жаңа тетікті талқылау үшін дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, екінші деңгейдегі банктердің, халықаралық ұйымдардың басшылығы мен сарапшылар қатысты.
Құттықтау сөзінде Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов Банктер туралы жаңа заң халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және Қазақстан қаржы нарығының ұлттық ерекшеліктерін ескеретін төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің заманауи жүйесін енгізетінін атап өтті. Бұл реформа салымшылардың мүддесін қорғауға, жүйелік тәуекелдерді азайтуға және дағдарыс жағдайында бюджет қаражатын пайдалануды барынша азайтуға бағытталған.
Заңның жаңа жобасында банк секторының тұрақтылығын арттыруға және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған дағдарыстарды басқарудың үш деңгейлі архитектурасы бекітіледі.
«Банкті қалпына келтірудің негізгі ауыртпалығы акционерлерге жүктеледі, бұл әділ және тұрақты модель жасайды. Бұл қағидаттар іс жүзінде жұмыс істеуі үшін заңда ерте әрекет ету жүйесі жетілдірілген. Бұл алғашқы қиындықтар туындай салысымен реттеуші банкпен жұмыс істеу үшін неғұрлым көбірек құралдарды пайдалана алады дегенді білдіреді. Егер көрсеткіштер нашарлай бастаса, қадағалау күшейеді және банк жағдайды түзету үшін шаралар қабылдауға міндетті. Әрбір банктің реттеушімен келісілген қалпына келтіру жоспары болуы керек, онда акционерлер мен басшылық қаржылық орнықтылықты нығайту үшін қандай шаралар қолданатыны анық көрсетілген. Егер олар орнықтылықты қалпына келтіру бойынша алған міндеттемелерін орындай алмаса, онда салымшылардың мүдделерін қорғау үшін реттеу тетігі іске қосылады», - деді Т. Әбілқасымов.
Ол мұндай тетік кенеттен туындайтын дағдарыс тәуекелін азайтып, бүкіл нарық үшін болжамдылықты арттыратынын атап өтті.
Агенттік Төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев өз баяндамасында реттеудің нақты құралдарын ұсынды. Жүйелік маңызы бар банктер үшін TLAC (Тotal Loss Absorbing Capacity) тетігі – қауіпсіздік қорын қалыптастыру жөніндегі талап бекітіледі. Бұл елеулі шығындар болған жағдайда есептен шығаруға немесе капиталға айналдыруға алдын ала дайындалған банктің капиталы мен борыштық құралдары жеткілікті мөлшерде болуы керек дегенді білдіреді. Осылайша, шығындар бірінші кезекте бюджет қаражатын тартпай-ақ, акционерлер мен инвесторлар есебінен өтеледі.
Мемлекет бұдан былай тек аса қажетті жағдайларда – егер барлық нарықтық құралдарды пайдалану жеткіліксіз болып, елдің қаржылық тұрақтылығы үшін банктің жүйелі қаупі болған жағдайда реттеуге тікелей қатысуы мүмкін. Бұл ретте, мұндай жағдайлардың өзінде мемлекеттік көмекке қатаң талаптар сақталған кезде ғана рұқсат етіледі. Шешімдердің ашықтығы, нарықтық тетіктерге барынша аз араласу және NCWO – No Creditor Worse Off қағидатын міндетті түрде сақтау қамтамасыз етілуі қажет. Бұл дегеніміз, бірде-бір кредитордың реттеу процесіндегі шығындары әдеттегі банкроттық рәсімі кезіндегі шығыннан көп болмауға тиіс. Осылайша, шығындарды өз еркімен қайта бөлу мүмкіндігі болмайды және адал кредиторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік беріледі.
«Жаңа жүйе мемлекеттік көмектің автоматты түрде немесе саяси негізде берілуін толығымен болдырмайды. Реттеу тәсілі болжамды, экономикалық негізделген және әділ болады. Бұл түбегейлі өзгеріс моральдық тәуекелді жоюға, банк иелерінің жауапкершілігін арттыруға және салымшылар мен салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған», - деп атап өтті Д.Сәлімбаев.
Осы тетіктерді әзірлеу кезінде Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Канада және т.б. сияқты юрисдикциялардың тәжірибесі ескерілді, олардың негізінде G20 және Базель комитетінің құжаттарында бекітілген бірыңғай халықаралық қағидаттарға негізделген.
Өз кезегінде, халықаралық сарапшылар төлемге қабілетсіз банкті реттеу барысына мемлекеттің қатысуын өтеу тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, олар бірқатар елдерде мемлекеттік қаражат тек соңғы шара ретінде пайдалануға болатын модель ретінде қолданылатынын атап өтті, бұл ретте оларды кейіннен акционерлер мен банк жүйесінің өз есебінен өтеуі міндетті шарт болып табылады. Бұл тәсіл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және қоғамның қаржы институттарына деген сенімін сақтауға мүмкіндік береді.
Сарапшылар Қазақстанда мұндай тетіктерді енгізу қаржы секторының орнықтылығын арттырып, мемлекеттің, салымшылар мен инвесторлардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететінін атап өтті.