Ұлттық ұланның авиациялық базасы бір күнге жас патриоттардың армандары бұлттан биік көтерілген орынға айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының елу қатысушысы 3656 әскери бөліміне келіп, көк жүзін бағындыратын алып күштің қалай туатынын өз көздерімен көрді.
Бұл экскурсия балалар үшін авиация әлеміне нағыз саяхат болды. Олар елді биіктен қорғайтын әскери қызметшілердің өмірімен танысып, аңызға айналған ұшақтар мен тікұшақтарды көрді. Сондай-ақ қызметтері жайлы шынайы әрі мақтанышпен баяндаған ұшқыштармен тілдесті.
"Біз балаларымызға Отанға деген сүйіспеншілік — жай сөз емес екенін көрсеткіміз келді. Бұл — таңдау, жол және қызмет ету. Ұлттық ұланның авиаторлары – ерлік пен тәртіптің, іске адалдықтың жарқын үлгісі" қозғалыстың астаналық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет
Оқушылардың ерекше қызығушылығын қуатты Y8 әскери-көлік ұшағы тудырды. Олар ұшқыш кабинасын көріп, құрал-жабдықтарға қол тигізіп, ұшқыштардың әр сөзін ынтамен тыңдады.
"Мен алғаш рет әскери ұшақтарды осыншалық жақыннан көріп тұрмын! Бұл керемет әсер. Осындай кездесулерден кейін армияның бір бөлігіне айналғың келеді" М. Мақатаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Диляра Тлеукенова
Айта кету керек, мұндай кездесулер жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтып, Отан қорғаушылар қызметіне деген құрметті қалыптастырады.