Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде 2023 жылдан бастап 1-4 сыныптарға арналған «Шахмат негіздері» курсы бойынша вариативтік сағатын бастауыш сынып мұғалімдері өткізуде. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін мұғалімдер арасында шахматты танымал ету аса маңызды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы орайда Қазақстан Шахмат Федерациясы бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Зияткер ұстаз» атты шахмат турнирін өткізбек. Жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңгені құрайды.
Турнир 2 кезеңнен тұрады:
- Аймақтық іріктеу кезеңі (онлайн, Lichess платформасында) – 08.11.2025
- Финал – 12.12.2025 ж. Астана қаласы, офлайн.
Турнирге бастауыш сынып оқушыларына шахматтан білім беретін бастауыш сынып мұғалімдері ғана қатыса алады.
Өтінімдер 2025 жылғы 3 қараша күні сағат 12:00-ге (Астана уақытымен) дейін қабылданады.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Шахмат негіздері» пәні 20 өңірде 1500-ден астам мектепке енгізіліп, 60 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Сонымен қатар 2500 педагог даярлық курсынан өтті. Аталмыш көрсеткіш кешенді жоспардың 2027 жылға арналған межесін (1400 мектеп) асыра орындады. Сонымен қатар мамандарды даярлау мақсатында 7 педагогикалық жоғарғы оқу орнында «Шахмат пәнінің мұғалімі» атты minor қосымша бағдарламасы іске қосылып, өзге де 5 университеттің 204 студенті 2025–2026 оқу жылында осы бағытта білім алуды бастады.
«Білімдегі шахмат» бағдарламасы оқытудың жаңа мәдениетін қалыптастырып, шахмат арқылы ой-өрісі кең, стратегиялық ойлауы жоғары интеллектуалды ұрпақты тәрбиелеуді көздейді.