Катарда «Әлеуметтік дамудың мүддесіндегі екінші жоғары деңгейдегі дүниежүзілік кездесу» Дүниежүзілік саммиті өтіп жатыр. Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай бар. Ол әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мен лайықты еңбекті ілгерілету, сондай-ақ жастарға инвестиция салуды арттыру мәселелеріне арналған сайд-ивент пен дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан атынан барған делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев басқарды. Делегация құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегаймен қатар, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры, Басқарма мүшесі Ансар Айдаров кірді.
Саммит аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесіне кіретін мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, даму серіктестерінің, түрлі қорлар мен әлеуметтік инвесторлардың қатысуымен «Әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбек үшін жастарға инвестицияны арттыру» тақырыбында сайд-ивент өтті. Диалог барысында жастардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту перспективалары, Жастарға инвестиция салу жөніндегі жаһандық платформа (бұдан әрі – GYIP) тұжырымдамасы, оның құрылымы, стратегиялық шеңбері, инвестиция үлгілері, әділеттілікті қамтамасыз ету тетіктері және мониторинг тәсілдері талқыланды. Іс-шараға қатысушылар өздерінің ұлттық бастамалары мен шешімдерімен бөлісті.

GYIP платформасы жастардың әлеуетін кеңейту мен дамытуға бағытталған. Ол жастарға арналған саясат, бағдарламалар мен бастамаларды қолдауға бағытталған инвестициялық тетіктерді қамтиды. Қазіргі уақытта Платформа тұжырымдамасы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан қаралып, оны іске асыруға дайындық жүргізілуде.

Іс-шараның спикерлерінің бірі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай болды. Диалог барысында ол жастардың қоғамдағы өзгерістердің қуатты қозғаушы күші ретіндегі айрықша рөлін атап өтіп, бұл күштің негізі ретінде жоғары кәсібилік, лайықты еңбек және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
«Жастарға инвестиция салудың жаһандық платформасы – лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікке қажетті қаржы ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік беретін тиімді тетік. Қазақстан бұл платформаны қолдайды, өйткені ол біздің ұлттық деңгейдегі бейілділігімізді бейнелейді», – деді вице-министр.
Өз сөзін қорытындылай келе, Виктория Шегай Қазақстанда білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту мақсатында 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Қазіргі уақытта жастарға алғашқы кәсіби тәжірибе алу, дағдыларды меңгеру және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бағдарламалар мен бастамалар жүзеге асырылып жатыр.
Вице-министр сондай-ақ «Әлеуметтік дамудың үш тірегін нығайту: кедейлікті жою, баршаға арналған толық әрі өнімді жұмыспен қамту және лайықты еңбек, сондай-ақ әлеуметтік интеграция» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөз сөйледі.
Өз баяндамасында ол Қазақстанның өңірлік және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту саясатын ұстанатынын атап өтті.
«Біз еңбек қауіпсіздігі, тең мүмкіндіктер, жастарды жұмыспен қамту және лайықты еңбек тұжырымдамасын ілгерілету мәселелерін қамтитын 26 негізгі конвенцияны ратификациялап, Халықаралық еңбек ұйымымен 30 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтастық орнатып келеміз. 2024 жылы Қазақстанға Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры келіп, біздің реформалардың жүйелілігі мен тұрақтылығына жоғары баға берді.
Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ), БҰҰ қорлары мен агенттіктерімен, ЭЫДҰ-мен және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру агенттігімен белсенді ынтымақтасып келеді», – деп мәлімдеді Виктория Шегай.
Қазақстанда кедейлікті еңсеру, инклюзия бағдарламаларын енгізу және халықтың осал топтарының мүмкіндіктерін кеңейту бойынша кешенді шаралар қабылдануда.
Тәуелсіздік жылдарында кедейлік деңгейі шамамен 7 есеге төмендеп, 1996 жылғы 34,6%-дан 2025 жылдың екінші тоқсанында 5,1%-ға дейін қысқарды. Тек биылдың өзінде 50 мыңнан астам отбасы кедейліктен шықты. 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылды – бұл өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға проактивті форматта қолдау шараларын ұсынуға мүмкіндік беретін заманауи құрал. 24 мемлекеттік органның деректері негізінде әрбір отбасының әл-ауқат деңгейін көрсететін «әлеуметтік портреті» қалыптастырылады, – деп атап өтті Виктория Шегай.
Вице-министр сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамту және өзін-өзі іске асыру мүмкіндіктерімен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Осы мақсатта 2029 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы, «10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы және өңірлік жұмыспен қамту карталары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттар беріледі, кәсіби оқыту жүйесі дамып келеді және білім беру мен экономиканың қажеттіліктерін ұштастыратын жаңа біліктілік жүйесі қалыптасуда.
«Басты назар әлеуметтік интеграция мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға аударылады. Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын және оған Факультативтік хаттаманы ратификациялады, сондай-ақ 2024 жылы 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивтік саясат тұжырымдамасын қабылдады.
Қазіргі уақытта inva.gov.kz сайтында Интерактивті қолжетімділік картасын және Aleumet әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл платформа техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін проактивті түрде таңдауға мүмкіндік береді», – деді Виктория Шегай.