Жыл басынан бері Қазақстан кітапханаларына 37 миллион оқырман келген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанда кітап оқуға деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Биыл ел бойынша кітапханалар келушілер санының рекордтық көрсеткішін тіркеп отыр. Жыл басынан бері 37 миллион оқырман кітапханаға барған.
Соңғы бір айдың өзінде Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына шамамен 13 мың адам жүгінген. Ең белсенді оқырмандар – 17 мен 25 жас аралығындағы жастар, ал 45 жастан асқан келушілердің саны – екі мыңға жуық.
Шамамен үш мың адам кітапханаға алғаш рет тіркелген.
Оқырмандар көбіне қазақ және әлем әдебиетінің классикалық және көркем шығармаларын оқығанды жөн көреді. Кітап сүйер қауым көбіне романдар, повестер мен поэзияны таңдайды. Соңғы айларда қазақ классикасына және ұлттық философиялық әдебиетке қызығушылық айтарлықтай артқан.
Бүгінде Қазақстанда 3 883 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Жыл басынан бері ел бойынша 5,3 миллионнан астам жаңа оқырман тіркелген.