Биыл Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа дәуірін бастаған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл толып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін Алматы қаласында осы жүйенің дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар қызметкерлер марапатталған іс-шара өтті. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалы хабарлады.

Алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталықтары Алматы қаласының Алмалы және Түрксіб аудандарында ашылған болатын. 2005 жылы енгізілген «бір терезе» қағидаты азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді азайтты. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары тұрғындарға онлайн және офлайн форматта шамамен 1300-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында Мемлекеттік корпорация Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қарқынбаев ұйымның табысты жұмысы ең алдымен қызметкерлердің біліктілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтіп, әрбір маманның еңбегі жоғары бағаланатынын жеткізді.
Мерейтойға арналған іс-шара аясында жүйенің дамуына үлес қосқан қызметкерлер «20 жыл ЦОН» мерейтойлық медалімен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Мерейтойлық медаль иегері Балауса Ұлдарбекова орталық ашылған алғашқы күннен бастап еңбек етіп келе жатқанын және адамдарға көмек көрсетуді өз жұмысының ең қымбат нәтижесі деп санайтынын айтты.
Қазіргі таңда Алматы қаласында 8 Халыққа қызмет көрсету орталығы және 4 мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейді. Олар жыл сайын тұрғындарға шамамен 2,5 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетеді.