Әскери қаржы қызметі — ерекше сала. Мұнда нақты есеп пен үлкен жауапкершілік қатар жүреді. Құрғақ сандардың артында адамдардың тағдыры, бөлімдердің дайындығы, әскердің тұрақтылығы жатыр. Көпшілік армияның жұмысында қаржы жүйесінің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын ойлана бермейді. Уақытылы қамтамасыз ету, жеке құрамның жалақысы, техниканың сатып алынуы, материалдық-техникалық база — мұның бәрі көзге көп көрінбейтін, бірақ өте маңызды жұмыс. Ұлттық ұланда осындай қызметті алға сүйреп жүрген мамандардың бірі — полковник Дәулет Ахметов. Оның еңбегі арқасында Ұлттық ұланның қаржы жүйесі жыл сайын жетіліп, жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Дәулет Анарбайұлы 1976 жылдың 20 ақпанында Сарыағаш ауданының Полторацкое ауылында дүниеге келген. Ол еңбекқор, үлкен отбасында өсті. Әкесі Анарбай Ахметов – білімді, көреген жан еді. Ол колхоз төрағасының орынбасары болып жұмыс істеп, химия пәнінен сабақ берген. Әскери болуды армандағанымен, жағдай оған мүмкіндік бермеген. Анасы Зәуре Ахметова жеті баланы тәрбиелеп өсірді. Үлкендері — жауапты, кішілері — үйдің ырысы болды. Ағасы Қайрат бұрынғы Ішкі әскер қатарында қызмет етіп, полковник шеніне жетті. Бүгінде Дәулеттің аға-әпкелері кәсіпкерлік пен қызметтің әр саласында еңбек етіп жүр. Отбасының қара шаңырағын інісі Асан ұстап отыр. Оның ұлы да әскери жолды таңдаған.

Дәулет балалық шағын сағынышпен еске алады. Әкесімен бірге серуендеу, Ташкентке бару, жазда суға шомылу — бәрі оның жүрегінде сақталған. Отбасы орыс мектебіне жақын тұрса да, балаларын үш шақырым жердегі Амангелді Иманов атындағы қазақ мектебіне апарды. Бұл шешім болашақта өз жемісін берді. Дәулет мектепте үздік болды, әсіресе математика мен тарихты жақсы көрді.

1990 жылдардың басы — ел үшін де, жастар үшін де үлкен өзгерістер кезеңі. Егемендік алған Қазақстан жаңа бағытқа бет бұрды. Дәл осы кезде жас Дәулет болашақ жолын таңдауы керек болды. Әкесінің: «Балам, болашақ — әскери мен дәрігер мамандығында. Сен офицер болып, еліңе қызмет етсең деймін» — деген сөзі оған күш берді. 1993 жылы ол Өзбекстандағы Ташкент жоғары әскери-техникалық училищесіне оқуға түсіп, әскери қаржы мамандығын таңдады. Сандарды жақсы көретін Дәулет үшін бұл сала өте жақын болды.
Оқуды аяқтаған соң, Дәулет Ахметов Алматыдағы 5449 әскери бөліміне келді. Жас лейтенант қаржы жұмысына бірден кірісіп, үлкен жауапкершілікті сезінді. Кейін ол Ақтөбеге ауысып, тағы тәжірибе жинады. Біраз жылдан соң Алматыға қайта оралып, әскери бөлімнің қаржы қызметін басқарды. Уақыт өте келе ол бірнеше күрделі қаржы бағыттарына жауапты болды, заңнаманы терең меңгерді, үлкен көлемдегі бюджетпен жұмыс істеді.
Ал 2017 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери университетінің магистратурасына оқуға түсіп, бұл оқу орнына барған алғашқы Ұлттық ұланның қаржы саласы өкілі болды. Мәскеуде оқыған жылдары оның көкжиегін кеңейтіп, халықаралық тәжірибемен танысуына мүмкіндік берді.

Университетті тәмамдағаннан кейін ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бюджет және қаржы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл — зор сенім мен үлкен жауапкершілік еді. Дәулет Ахметов жаңа қызметіне кіріскенде ең алдымен қаржы құрылымын жан-жақты зерттеп, барлық лимиттер мен қажеттіліктерді талдады. Оның басшылығымен бухгалтерияны орталықтандыру, бағдарламаларды жаңарту, әскери қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытында көп жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері әскери қызметшілердің жалақысы 70 пайызға өсті.
Дәулет Анарбайұлы әріптестерін ерекше құрметтейді. Сонымен қатар ол отбасылық қарым-қатынасқа үлкен мән береді. Жары Дина «Эйр Астана» компаниясында жұмыс істейді. Олар төрт баланы тәрбиелеп отыр: Дәурен, Данэлия, Даниал және кішкентай Дария — әкенің қуанышы мен мақтанышы. Демалыс күндері отбасымен бірге серуендеу, саябаққа бару, үйде фильм көру — оның ең жақсы демалысы.
Полковниктің өмірлік ұстанымы — «Көрмесем, білмесем — айтпаймын». Бұл сөздер оның әділдікке, сабырлыққа және жауапкершілікке негізделген көзқарасын көрсетеді. Ол Бауыржан Момышұлы, Александр Бек, Теодор Драйзер және Макиавелли еңбектерін жиі оқиды. Ең соңғы оқыған кітабы Ілияс Есенберлиннің «Лодка, переплывающая океан» романы. Оның айтуынша, кітап оқу адамның ойын биіктетіп, ерекше демалыс сыйлайды.

Бүгінде полковник Дәулет Ахметов Ұлттық ұланның қаржы жүйесін басқара отырып, әскердің тұрақтылығы мен дамуына өз үлесін қосып келеді. Оның өмір жолы — еңбектің, адалдықтың, білімнің және елге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл