ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарих музейінде соғыс жылдарында қаза тапқан сарбаздарды еске алуға арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің курсанттары, ардагерлер ұйымдарының өкілдері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері қатысты.

Іздеушілер мен музей қызметкерлері жиналғандарға экспедиция барысында табылған архивтік материалдар, фотосуреттер және хаттарды таныстырды. Олар Қазақстан дивизиялары шайқасқан майдандар және қазақстандық жауынгерлердің қандай жағдайда қаза тапқандары туралы баяндады. Шара қатысушылары оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

– Біз сарбаздарымыздың рухы алдында үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Әлі аты-жөні белгісіз жауынгерлерді іздеп таппайынша, біздің жұмысымыз жалғасады. Бұл – жеңімпаздар ұрпағы және олардың туыстары алдындағы борышымыз, – дейді «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының жетекшісі Майдан Құсайынов.

Іздестіру жасағының мүшелері «Батырлық пен борышқа адалдық» медалін бірнеше жылдық архивтік іздестіру жұмыстарының нәтижесінде есімдері мен тағдыры анықталған сегіз қазақстандық сарбаздың туыстарына салтанатты түрде тапсырды.
– Біздің отбасымыз үшін бұл жай ғана марапат емес – бұл қайта қауышқан естелігіміз. Біз атамыздың тағдыры туралы көп жылдар бойы ештеңе білмедік. Ол біз үшін ерлік пен Отанға адалдықтың үлгісі болды, – деді қызыл әскер сарбазының немересі Омархан Бірімжан.
Қаза тапқан жауынгерлердің туыстарымен кездесуге Астана қаласының ардагерлер кеңесінің өкілдері келді. Олар музейге және жауынгерлердің туыстарына «Жеңіс жауынгерлері» атты кітапты сыйға тартты. Кітапта қазақстандықтардың ерліктері суреттелген.

Іс-шара Астана қаласы ардагерлер кеңесінің құрамындағы «Әдемі» ансамблінің өнер көрсетуімен аяқталды.