Павлодар қаласында «Берел қорғандары – Алтайдың мәңгі мұрасы» атты көшпелі көрме таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты ашылу рәсімі Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті.

Көрмеде Берел жылқысының ат әбзелдері көшірмелері, сондай-ақ соңғы жылдары «Берел» музей-қорығы жүргізген қазба жұмыстарында табылған экспонаттар ұсынылған. Олардың қатарында 2019 жылы табылған 2800 жылдан астам тарихы бар алтын әшекейлер, бұғы-грифон бейнелі сүйектен жасалған ат әбзелдері, ер және әйел адамның бас сүйектері бойынша жасалған антропологиялық реконструкциялар, зооморфты тұтқасы бар қола айна, әйел адамның әшекей бұйымдары және өзге де археологиялық құндылықтар бар.

Ұйымдастырушылар экспозицияның басты мақсаты ата-баба рухына құрмет көрсету және келер ұрпаққа тарихи мұраны жеткізу екенін атап өтті.

Берел қорымы – Қазақстан аумағындағы Сақ кезеңіне жататын ең көне ескерткіштердің бірі. Қорым б.з.б. V-IV ғасырлардан бері сақталған және Шығыс Қазақстан облысында, Бұқтырма өзенінің оң жағалауындағы аңғарда, Берел ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Кешен құрамына 100-ден астам қорған кіреді. Жер қыртысы ерекшелігінің әсерінен жақсы сақталған жәдігерлер бұл аймаққа зерттеушілер назарын көптен бері аударып келеді.
Берелден табылған археологиялық жәдігерлер скиф-сібір аң стилінде жасалған әшекей бұйымдарымен, былғары, киіз, ағаш және сүйектен жасалған тұрмыстық заттарымен әлемге әйгілі. Қазба жұмыстары барысында анықталған киім үлгілері, ат әбзелдері және басқа да бұйымдар ежелгі сақ мәдениетінің айқын дәлеліне айналды.

Көрме 2025 жылғы 19 желтоқсанға дейін жалғасады.