Әскери ғылым – қарусыз күрес пен тактикалық есептеулердің жиынтығы ғана емес, ол терең ойды, талдауды, уақыттан озық болуды талап ететін күрделі әлем.
Осы әлемнің тынысын дөп басып, жаңа бағыттар мен тың тұжырымдар қалыптастырған тұлғалардың бірі – әскери ғалымдар. Таяуда тәжірибені теориямен, теорияны практикалық шешімдермен ұштастыра білген, өзі өмірден өтсе де, қолымен жазған хаты өлмеген осындай ғалымның есімін ұлықтаған шара өтті.
Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде еліміздің әскери ғылымына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым полковник Қанат Төлеңгітовтің есімі берілген оқу аудиториясы ашылды. Іс-шараға Ұлттық ұлан қолбасшылығы, әскери білім ордасының басшылығы, құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, отбасы мен жақындары қатысты. Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков және басқа да қызметтес болған әскери қызметшілер естеліктерімен бөлісті.
Алғаш сөз алған Руслан Фатихұлы Петропавлдағы Ішкі әскерлер училищесі (қазіргі Ұлттық ұлан академиясы) мен Ұлттық қорғаныс университетіндегі Ұлттық ұлан факультеттерінің құрылу кезеңдеріндегі қиындықтарға тоқталды. Және Қанат Файзрахманұлының сол кездегі көптеген кедергілерге қарамастан, діттеген мақсатқа жетудегі жауапкершілігі мен жігерін еске алды.
- Сол жылдары құқықтық тәртіп әскеріне білікті, жоғары квалификациялы офицерлер ауадай қажет болды. Ішкі әскерде жоғары әскери білімі бар небәрі 7-ақ офицер қызмет ететін. Ал жеке құрамға жүктелген міндеттер күн сайын ұлғайып, күрделене түскен. Жауынгерлеріміз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде күн сайын қиындықтарға тап болатын, бұзақылар топтарына тосқауыл болуда, терроризммен күресте де біршама қиындықтар туды. Уақыт бізден басқару жүйесінің заман ағымына, елімізде орын алып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға сәйкес болуын талап етті. Мен ол кезде Қолбасшының орынбасары лауазымында едім. Қорғаныс министрлігіне қол жайып, академиядан Ішкі әскерге бір-екі квота бөлуін сұрайтынбыз. Үздік офицерлеріміз лайықты білім алсын деп, Мәскеуге барып, келіссөздер жүргіздік. Құр қол қайтармасын деген ниетпен елден сарқытпен барып, Фрунзе академиясынан квота бөлуді өтіндік. Осындай бұйымтаймен Беларусь Ішкі әскерлері академиясының басшылығымен де кездестік. Әскери оқу ордаларынан тым құрығанда 2-3 қазақстандық түлек шыққанын қаладық. Сонда күн тәртібінде өз әскери оқу ордамызды құру мәселесі тұрды. Төл әскерімізге жоғары білікті офицерлер даярлау мәселесі – сол тұста біз үшін қаисетті міндеттердің бірі болды. Бұл мәселенің тиісті құжаттары әзірленгенмен, Білім және ғылым министрлігі, Қорғаныс министрлігі тарапынан түсіністік пен қолдау болмағанын жасырмаймын. Жоғары оқу орда ашу мәселесі қолдау табуы үшін қаншама уақыт кетті. Дегенмен, ұлы мақсатымызға қол жеткіздік. Тұңғыш рет заң жүзінде құқықтық тәртіп әскерінің жоғары оқу ордасын құрдық. Осы факультетті де қандай мақтанышпен ашқанымыз әлі есімде. Әрбір кабинет, әрбір парта, техникалық-материалдық қамтамасыз ету үшін күрестік. Әскердің басқа да күштік құрылымдармен бір деңгейде болу үшін қолдан келгенді аяған жоқпыз. Сол жылдары қаражат тапшы болатын, мемлекеттен бөлінген қаржы әскери қызметшілердің айлығын беруге, әлеуметтік төлемдер беруге де дұрыс жетпейтін. Сондықтан, әскери білім мәселесін жүйеге келтіру үшін экономияны қатаң бақылап, әр тоқсан сайын ақша үнемдеуге тура келді. Көліктер, компьютерлер мен кітаптар сатып алынды. Қанат Файзрахманұлы факультет жұмысын аяққа қойып, біріздендіру жолында тыным таппады. Коллоннаны бастап, Щучинскке де өзі барды. Әрбір оқу бағдарламасы, стандарттар сол кісінің тікелей бақылауымен жүзеге асты. Қызмет уақыты аяқталғанда, ел-жұрт үйлеріне кеткенде, біз кабинетке жиналып, әр сұрақты пысықтайтынбыз. Себебі келесі күні, таңертең министрлікке тағы бару керек болатын. Табалдырығын тоздырып жүріп, шырылдап жүріп, концепцияларымызды қорғадық, құжаттарымызды заңдастырдық. Қолымыздан келді. Әлі күнге дейін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Петропавлдағы ішкі әскер училищесін әскери институт етіп қайта реформалау мәселесі де үлкен іс болды. Қаншама процесс, қаншама жүгіріс. Жаңа статусқа сәйкестендіру сұрақтары... Осының бәріне полковник Төлеңгітов өзінің жеке уақытын, тіпті өмірін арнағанына мен куәмін. Ол кезде институт бастығының орынбасары полковник Ахметов еді, Қанат Файзрахманұлы екеуінің еңбегі көп сіңді. Кейін Жұмабек Хатиоллаұлы осы оқу ордасына ұзақ жылдар бойы басшылық етті. Мен қанатты өз бауырымдай көрдім. Өйткені, бірдей ойладық. Ісіне адал болатын. Жауапкершілігі деген керемет еді. Өз ісін шексіз сүйді. Әскерге офицерлер даярлау деңгейін арттыруға барын салды. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Айтып жүруіміз керек әрдайым. Бұл тарих. Қазіргі офицерлер буыны бұл тарихты білуі тиіс! – деді ол.
Мінберге келесі болып Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов шықты. Ол сөз бастамас бұрын ғалымның анасына баласының өлшеусіз еңбегі мен мінсіз қызметі үшін алғыс білдірді.

— Қанат Файзрахманұлын әскери педагогика саласының белсенді архитекторы деп есептеймін. Оның идеялары, еңбектері мен оқу-зерттеулері, әскери ғылымға деген көзқарасы - кадрлық офицерлер даярлау жүйесіне тірек болды деп нық сеніммен айтуға болады. Сондықтан да, ғалымның есімін ұлықтауды - оның кәсіби мұрасын жас буынға үлгі ету және ел мүддесіне адал қызмет етудің құндылығын дәріптеу деп түсіну керек, - деді Бауыржан Садықұлы.
Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, философия докторы, профессор генерал-майор Асқар Мұстабеков те жиналған қауым алдында сөз сөйледі.
- Өкінішке орай, мен білікті ғалымды жеке танып, бірге қызмет етпедім. Дегенмен оның ғылыми еңбектерімен танысып, ол кісінің парасатты адам екеніне, өз елінің патриоты екеніне, бас әріппен жазылар офицер екеніне көзім жетті. Себебі ол қысқа ғана ғұмырында өте үлкен іс атқарған, сауапты іс атқарған, әскери білімге қызмет еткен, әскери ғылымда із қалдырған азамат. Мына залда отырған әрбір офицер, педагогикалық-профессорлық құрамның әрбір мүшесі жақсы біледі, жұмыс оқу жоспарын, жұмыс оқу бағдарламасын құрудың өзі қандай жауапты іс екенін. Таза ақ парақтан басталатынын. Ауқымды жұмыс екенін. Терең білімді талап ететінін. Сол кісінің жарқ еткен жас ғұмырында жасап кеткен еңбегінің тәтті жемісін жеп жатырмыз, Ұлттық ұлан факультеті бүгінде шын мәнінде Ұлттық қорғаныс университетінің үздік факультеті. Мұның сыры – Қанат Файзрахманұлы сынды білікті ғалым салған берік іргетасында деп білемін. Бар-жоғы 42 жыл ғұмырында ауыз толтырып айтар еңбегі бар: Дисертациясын қорғап, 2007 жылы ғылым кандидаты атанды. 2008 жылы педагогика доценті атағын алды. 2011 жылы профессор ғылыми дәрежесін иеленді. Университет қабырғасындағылардың бәрі мұндай жетістіктің қандай еңбекпен келетінін түсінеді.Бүгінде білім ордасының аудиториясына осындай жарқын ғалымның аты беріліп жатқанын мақтан тұтамыз, - деді Асқар Досбосынұлы.
Жиналған қауымға Қанат Файзрахманұлының өмірдерегі мен қызмет жолы, еңбектері жайлы баяндаған бейнеролик көрсетілді. Содан кейін арнайы оқу аудиториясының ашылу рәсімі өтіп, салтанатты түрде лентасы қиылды. Ғалым атын иеленген аудиторияда полковник Қанат Төлеңгітовтің ғылыми еңбектері, әскери қызметтегі жетістіктері мен өмір жолы туралы баяндалған тақта орналастырылған. Факультет басшысы полковник Савердин Имиров ашылу салтанатында аталмыш аудитория болашақ офицерлерді даярлау ісінде, ғылыми- зерттеу жұмыстарын жүргізуде және әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Савердин Карлович Қанат Файзрахманұлының анасы - Сәкен Мұқажанқызы мен аяулы жары полковник Эра Мұхамеджанқызына сый-сияпат көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды. Және факультет есігі әрдайым ашық екенін, оның мұрасы Отан қорғаушылар үшін өмірлік азық болатынына тоқталды.
Айта кетелік, Төлеңгітов Қанат Файзрахманұлы — педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, полковник, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының мүшесі, Ресей Федерациясы Әскери Ғылым Академиясының мүшесі. 2008-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитетінің (қазіргі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының) Жауынгерлік даярлық басқармасы оқу және ғылыми жұмыс бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Петропавлдағы Ұлттық ұлан Академиясының, Ұлттық қорғаныс университетіндегі Ұлттық ұлан факультетінің ашылуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан. 100-ден аса ғылыми зерттеулердің авторы. Еңбектері әскери білім беру саласында бүгінгі күні де тиімді қолданылуда.
Майор Мөлдір НӘЛІБАЕВА