Алматыдағы Ұлттық ұлан әскери бөлімінде «Әскер балалар көзімен» атты ашық есік күні өтті

1980
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде «Әскер балалар көзімен» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шараның мақсаты – қазақ әскерінің мәртебесін көтеру, әскери мамандықтарды насихаттау және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Іс-шараға Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты мектептерден «Жас бүркіт», «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен қозғалысына мүше 100-ден астам оқушы қатысты.

Ашық есік күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Ұлттық ұлан – ел айбыны!» республикалық акциясы аясында және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткізілді.

Оқушылар алдымен әскери бөлімнің казармалық ғимараттарын аралап, жауынгерлердің күнделікті тіршілігімен танысты. Әскери бөлімнің тарихы мен жауынгерлік жолы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ АК-74 автоматы және өзге де қару-жарақ үлгілері көрсетіліп, әскери киім нысандары таныстырылды. Әскери техникалар мен көліктердің мүмкіндіктері түсіндіріліп, оларды қолдану ерекшеліктері туралы мәлімет берілді.

Бүгін біз үшін әскери өмірмен етене танысуға үлкен мүмкіндік болды. Қару-жарақ, әскери форма, техника – бәрі өте әсерлі. Сарбаздардың дайындығы мен тәртібі, қарумен жұмыс істеу шеберлігі мені қатты қызықтырды. Осындай қуатты армиямыз барын мақтан тұтамын. Болашақта мен де Отан алдындағы борышымды өтеуді армандаймын, - деді №156 мектептің 11-сынып оқушысы Еділбай Дәулет.

Мектеп ұжымы мен әскери бөлім басшылығы мұндай іс-шаралар жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, болашақ мамандық таңдауға оң ықпал ететінін атап өтті.

Шара соңында Алатау аудандық білім бөлімінің әскери әдіскері Еcболат Уалиев пен №210 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Сармақова әскери бөлім басшылығына жастарға арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -