Роман Скляр «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында белсенділерден, елорда тұрғындарынан және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен бірқатар қоғамдық маңызды өтініштер келіп түсті.
Азаматтар көптеген мәселелер көтерді. «Үркер» тұрғын үй алабының белсенділері аула клубтарына ресми мәртебе беру қажеттігіне назар аударды. Олардың айтуынша, мұндай клубтар балалардың бос уақытын ұйымдастыруда және дамуында маңызды рөл атқарады: олардың негізінде шығармашылық сабақтар, соның ішінде аспаздық курстар өткізіледі. Сонымен қатар, отбасымен келуге арналған бассейні бар заманауи спорт кешенін салу туралы ұсыныс айтылды.
«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі жастардың денсаулығын қорғаудың және темекіге тәуелділікті төмендетудің маңыздылығын атап өтіп, кальяндарды пайдалануды шектеу жөніндегі шараларды қатаңдату туралы мәселе көтерді.
Елорда тұрғыны Қостанай облысында газ құбырларын заңсыз пайдалану фактілері болуы мүмкін екенін хабарлады және тексеру жүргізуді сұрады.
Ал «Creative & Innovation Institute» Орталық Азияның орнықты даму орталығы» ҚҚ директоры авторлық білім беру бағдарламасын енгізу бастамасын көтерді. Оның айтуынша, бағдарлама оқушылардың креативті және цифрлық ойлауын дамытуға бағытталған. Ол технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында ерекше өзектілікке ие.
Сондай-ақ, Қарағанды тұрғыны балалардың жан-жақты дамуына бағытталған PLATON 5D авторлық білім беру бағдарламасы туралы айтып берді. «Бағдарлама патенттелген және ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келеді» деді ол, бірақ оны жүзеге асыру үшін қосымша қаржы қажет.
Барлық өтініштер мұқият қаралды. Олардың әрқайсысы бойынша уәкілетті органдар арнайы жұмыстар жүргізетін болады.
Роман Скляр партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі мемлекеттің азаматтармен диалогы үшін маңызды алаң болып қала беретінін, бұл қоғамды толғандыратын мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік беретінін атап өтті.