Семейдің инфрақұрылымдық серпілісі: Абайдың мерейтойына арналған ауқымды өзгерістер

1188
Фотосурет: UKIMET

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Абайға құрмет» республикалық акциясын өткізу бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ол Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылды және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылды. Акция аясында еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалар Абай облысына бір-бір әлеуметтік немесе мәдени нысан сыйға тартады.

Кеңесте Семей қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу, арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құру мәселелері талқыланды. АЭА құрамына 1200 гектар алаңды қамтитын жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, заманауи тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысан кіретін болады.

Семей қаласында жаңа инженерлік инфрақұрылым, қазандық, жылу, электр, су құбыры және су бұру желілерін салу міндеттері қаралды.

Бүгінде Абай облысының әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізуде. «Абайға құрмет» акциясын алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысының тұрғындары қолдап, Достық үйінің құрылысын бастап кетті.

Түркістан облысы – көрме орталығын, Қызылорда облысы – «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы – «Абай әлемі» орталығын салады. Шымкент – Шығармашылық орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы – Мемлекеттік рәміздер алаңын, Шығыс Қазақстан облысы – Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Ақтөбе облысы – Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы – Үстел теннисі орталығын тұрғызады. Астана «Келешек» мектебін сыйға тартса, Алматы – медиаорталық, Қарағанды облысы – ботаникалық бақ, Батыс Қазақстан облысы – желілік саябақ, Қостанай облысы – Руханият орталығын салады.

Қанат Бозымбаев қалған өңірлерге жобаларды айқындау және жүзеге асыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

«Үйлестірілген жұмыстың нәтижесінде біз барлық жобаларды бірыңғай архитектуралық стильде сәтті аяқтап, Абай атына лайықты және өңірдің болашағы үшін маңызды инфрақұрылым құратынымызға сенімдімін» Қанат Бозымбаев

Жүктелген міндеттерді тиімді және уақтылы жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің орынбасары Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және өңірлердің әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -