ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов Департамент пен Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысындағы негізгі аспектілермен бөлісті, соның ішінде тәртіптік теріс қылықтар жиі орын алатын салалар, заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты қабылданатын шаралар және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың қалай жүргізілетіні туралы хабардар етті.
1. Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
Әдеп жөніндегі кеңес – мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін арттырудың маңызды құралы. Кеңес өзінің жұмыс форматын айтарлықтай өзгертті. Бұрын басты назар мемлекеттік қызметшілерге қатысты тиісті жазалау шараларын қолдануға аударылса, бүгінде әдеп бұзушылықтардың (оның ішінде мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылықтардың) алдын алу мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау мәселелері бірінші орынға қойылып отыр.
Бұдан бөлек, әдеп бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аудару мақсатында Кеңес отырыстарында мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің талдау нәтижелері, мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс істеуіне жүргізілген мониторинг қорытындылары қаралады.
Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысындағы маңызды фактор – түсіндіру іс-шараларын өткізу болып табылады, оның барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және Әдеп кодексін бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланады.
Өз құзыреті шеңберінде Әдеп жөніндегі кеңес бұдан әрі де мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін сақтауы жөніндегі мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ықпал ететін болады.
2. Әдеп жөніндегі кеңестің сапалы құрамы және қабылданатын шешімдердің объективтілігі қандай?
Ақмола облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Олар әдеп және моральдық теріс қылықтарға жеткілікті жоғары деңгейде біліктілік бере алады, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылықтарды дұрыс ажыратады және мемлекеттік қызметшінің әрекеттеріне принципті баға береді. Кеңес шешімдерді дауыс беру арқылы қабылдайды.
Әдеп жөніндегі кеңестің барлық мүшелері мол өмірлік тәжірибеге, тиісті біліктілікке, сондай-ақ қоғам тарапынан үлкен құрмет пен сенімге ие.
3. Әдеп бұзу фактілері көбіне қай салаларда анықталады?
Тәжірибе көрсеткендей, бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу, сәулет және жер қатынастары салаларында жиі жіберіледі. Бұл жерде сондай-ақ басшылардың бағыныштылармен өзара іс-қимылы кезінде Әдеп кодексінің нормаларын бұзу фактілері орын алады. Қайталама бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында Әдеп жөніндегі кеңес көшпелі отырыстар өткізуді жиі қолданады, оның барысында азаматтарды жеке қабылдау және түсіндіру кездесулері өткізіледі.
4. Бүгінгі таңда Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау болып табылады, осы бағыттағы жұмыс қалай жүргізілуде?
Біз мемлекеттік қызметшілердің функционалдық міндеттерімен қатар, олардың заңды құқықтары бар екенін түсінеміз.
Мұнда біз ұжымдағы салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға ерекше назар аударамыз, себебі іскерлік атмосфера, сондай-ақ өзара сыйластық ахуалы – бұл мемлекеттік аппараттың тиімділігінің кепілі.
Жаңа басшылармен де белсенді жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік басқару Академиясының филиалындағы оқыту шеңберінде біз корпоративтік мәдениет дағдыларын қалыптастырамыз, көшбасшылық, тиімділік, командада жұмыс істеу сияқты басқару дағдыларын дамытамыз.
Қандай да бір кадрлық шешіммен немесе тәртіптік жаза қолдану туралы шешіммен келіспейтін мемлекеттік қызметшілердің өтініштерін сапалы қарауға үлкен көңіл бөлінеді.
Осындай өтініштерді қарау қорытындысы бойынша біздің мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтірген жағдайларымыз аз емес.
Еңбек тәртібі бойынша қарапайым талаптарды сақтау мәселесі ерекше бақылауда. Соңғы екі жылда біздің облыста бұл бағытта үлкен қадам жасалды деп есептеймін.
Біріншіден, Кіруді/Шығуды бақылау және басқару жүйесінің (СКУД) деректерін талдау арқылы мониторинг жүргізіледі.
Екіншіден, сауалнамалар жүргізіледі және көшпелі мониторингтер ұйымдастырылады.
Қабылданып жатқан барлық шаралар еңбек бұзушылықтарының санын қысқартуға мүмкіндік береді, сол арқылы мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды іске асыруды қамтамасыз етеді.
Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.
5. Мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысы жөнінде ақпарат беріп өтсеңіз?
Департаментпен Ақмола облысының мемлекеттік органдарындағы тәртіптік комиссиялардың 2025 жылдың 9 айы ішіндегі қызметіне жүргізілген талдаудың қорытындыларын шығарылды.
Аталған кезеңде 542 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 70 тұлға мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мен өзге уәкілетті органдардың ұсынымдары бойынша, ал 472 мемлекеттік қызметші тәртіптік комиссиялардың отырыстарында қаралмастан жауапкершілікке тартылған.
Бұзушылықтардың негізгі бөлігі (478 жағдай) өзге заңнаманың нормаларын сақтамаумен байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 4 тұлға, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін 25 тұлға, қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін 35 тұлға жауапкершілікке тартылды.
Қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған 25 мемлекеттік қызметшінің ішінде 16 тұлға мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мен өзге уәкілетті органдардың ұсынымдары бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал 9 мемлекеттік қызметші тәртіптік комиссиялардың отырыстарында қаралмастан (қызметшілер өздері жасаған теріс қылық фактісін мойындаған жағдайлар) жауапкершілікке тартылды.
Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі бойынша қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке 5 мемлекеттік қызметкер, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының хаттары негізінде (Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 34-тармағына сәйкес) – 7 қызметкер, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша Департаменттің ұсынымдары негізінде – 6 қызметкер, Департаменттің ақпараттық хаты негізінде – 1 қызметкер, және мемлекеттік органдар дербес анықтауы негізінде – 6 адам тартылды.
Оның ішінде автокөлікті мас күйінде жүргізу фактілері бойынша - 2, азаматтармен және әріптестермен дұрыс емес қарым-қатынас жасау фактілері бойынша - 15, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату фактілері бойынша - 1, мас күйінде болу және қоғамдық орындарда қақтығысқа түсу фактілері бойынша - 4, мүдделер қақтығысы бойынша - 2, қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану фактілері бойынша – 1.
Жүргізілген талдау қорытындылары мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану рәсімдерінің сақталмау жағдайларын айқындады. Атап айтқанда, жазбаша түсініктеме талап ету мерзімдері мен жазаны қолдану мерзімдерінің жүйелі түрде бұзылуы орын алған. Сонымен қатар, тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау тәртібі сақталмай, оларды алып тастау туралы шешім өкілеттігі жоқ тұлғалардың ұсыныстары негізінде қабылданған фактілер анықталды. Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнамада көзделген талаптарға қарамастан, қызметкерлерді жаза қолдану туралы актілермен және тәртіптік комиссия отырыстарының хаттамаларымен таныстыру міндеті орындалмаған жағдайлар тіркелді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылып, заңсыз қабылданған актілердің күші жойылды. Талдау қорытындысы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, оның шешімі бойынша басшылыққа алдағы уақытта осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында түбегейлі шаралар қабылдау ұсынылды.