Астанада 1 миллион АҚШ долларынан астам шетелдік қолма-қол валютаны заңсыз алып шығу әрекеттері тоқтатылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері жалпы сомасы 530 млн теңгені, АҚШ долларымен есептегенде 1 миллионнан астам құрайтын қолма-қол ақшаны заңсыз алып шығу әрекеттерін тоқтатты.
2025 жыл ішінде «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері қолма-қол ақшаны заңсыз тасымалдаудың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Алдын алынған құқықбұзушылықтардың жалпы сомасы 530 млн теңгеден асып, 1 миллион АҚШ долларына баламалы болды.
Іс-шаралар барысында ірі көлемдегі шетелдік валютаны жасырын алып шығуға бағытталған кеден заңнамасын бұзудың 46 фактісі анықталып, олардың жалпы сомасы 1 021 5226 АҚШ долларын құрады.
43 әкімшілік іс бойынша сот шешімдерімен 48,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, мемлекет кірісіне 286 млн теңге тәркіленді. Бір факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Негізгі эпизодтар:
- «Астана – Стамбул» бағыты: жолаушы багаж ішінде 200 000 еуроны (шамамен 115 млн теңге) жасырын алып шығуға тырысқан. Валюта рентген-телевизиялық құрылғы арқылы анықталды. Сот 5,8 млн теңгеден астам айыппұл салып, ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.
- «Астана – Үрімші» бағыты: азамат 40 000 АҚШ долларын (шамамен 15,6 млн теңге) алып шығуға әрекеттенген. Сот шешімімен ақша мемлекет кірісіне өткізілді, айыппұл 3,9 млн теңгені құрады.
- «Астана – Дубай» бағыты: 33 157 АҚШ долларын (шамамен 11,9 млн теңге) алып шығу фактісі анықталды. Сот 2,9 млн теңге айыппұл тағайындап, қаражатты тәркіледі.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 10 000 АҚШ долларына баламалы сомадан жоғары қолма-қол шетел валютасын елден шығаруға тыйым салынғанын және мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салады.