"Астана" өңірлік қолбасшылығы мен Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері және Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Андреевич Шелудяковты 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ардагерге қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаты табысталды. Әскери қызметшілер соғыс жылдарындағы әндерді орындап, ардагер оларға қосылып бірге шырқады.
Қарт майдангер жас кезіндегі майдан естеліктерін еске алды.
Мұндай тосынсый үшін рахмет. Мен осы әндерді әлі күнге ұмытқан емеспін. Сіздерге жақсы қызмет, әрине, ашық аспан тілеймін, — деп алғысын білдірді Виктор Андреевич қонақтарға.

Бұл кездесуге әскери колледждің тәрбиеленушілері ерекше қызығушылық танытты. Олар ардагердің майдандық фотосуреттерін мұқият қарап, оның ұлы Сергей Викторовичтің әкесінің соғыс жылдарындағы және кейінгі өмірі туралы әңгімелерін тыңдады. Сол қиын кезеңдегі әскери қызметі туралы сұрақтар қойды.
Қазіргі таңда Виктор Андреевичтің үлкен және тату отбасасы бар. Ұлы мен қызы, төрт немересі, тоғыз шөбересі және бір шөпшегі — өмірінің жарқын жалғасы.
Виктор Андреевич Шелудяков 1925 жылы 16 желтоқсанда Саратов облысының Ершов ауданындағы Перекопное ауылында дүниеге келген. 1931 жылдан бері Қарағанды қаласында тұрады. 1943 жылы майданға шақырылды. 1944 жылдың мамырынан 1945 жылдың наурызына дейін ұрыс қимылдарына қатысып, 4-ші Украина, 1-ші Балтық және 2-ші Белоруссия майдандарында радиобайланыс бөлімшесінің командирі болды. 1945 жылы Кенигсберг қаласы маңындағы ұрыстарда ауыр жарақат алып, қыркүйек айына дейін емделді.

Ерлігі үшін I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергты алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Беларусьті азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен және мерейтойлық наградалармен марапатталған. 1945 жылы жарақат алып, әскерден босатылды.
Виктор Андреевичтің бейбіт еңбек қызметі 1949 жылдың ақпан айынан 2007 жылдың желтоқсан айына дейін Қарағандыдағы кәсіпорнында әр түрлі лауазымдарда өтті. Адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Осындай кездесулер — бұл жеңіс ұрпағына деген терең құрметтің белгісі ғана емес, жастар үшін патриотизмнің маңызды сабағы, бейбіт өмірдің құнын және Отанға қызмет етудің мәнін еске салатын маңызды оқиға.