Қазақстанның коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымының тозуы және қуат тапшылығы — көп жылдан бері ішінара шешімін тауып келе жатқанымен, ел экономикасының орнықтылығына және халықтың өмір сүру сапасына әлі де ықпалын тигізіп отырған жүйелі мәселе.
Бұл мәселенің мәні тек коммуналдық саламен ғана шектелмейді. Инфрақұрылымның жай-күйі әлеуметтік тұрақтылыққа, инвестициялық ахуалға, сондай-ақ өнеркәсіптің, инновациялар мен цифрлық салалардың өсу әлеуетіне тікелей әсер етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында дәл осы мәселеге айрықша назар аударып, тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғыртуды орнықты дамудың негізгі факторларының бірі ретінде атап өтті. Түптеп келгенде, әңгіме экономиканы жаңғыртуға, сондай-ақ болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге негіз болатын берік инфрақұрылымдық іргетас қалыптастыру туралы болып отыр.
Аталған мәселені шешу мақсатында 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» («ЭКСЖ») Ұлттық жобасы қабылданды. Жоба тек жеке жөндеу жұмыстарына емес, негізгі өмірлік жүйелерді — жылу, электр энергиясы және су құбыры желілерін және су бұру нысандарын толық жаңартуға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру арқылы инфрақұрылымның тозу деңгейі төмендетіп, апаттық жағдайлардың алдын алу және коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етіледі, бұл елдің тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды.
Бұл орайда инвестициялық белсенділікті арттыруға ықпал ететін сауатты тарифтік саясат қажет, бұл дамыған және дамушы елдерде кеңінен қолданылатын тәжірибе. OECD сияқты халықаралық ұйымдар инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін қаржылық модельсіз тұрақты коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мүмкін емес екенін айтады. Тарифтер басты мақсат ретінде емес, өмірлік маңызды жүйелерді жаңартуға, дамытуға мүмкіндік беретін экономикалық құрал ретінде қарастырылады. Сондықтан дамыған елдерде тарифтердің өсуі халықты қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды болашақ ұрпаққа сақтау мақсатында жүргізілетін сауатты инвестициялық стратегияның табиғи бір бөлігі болып табылады.
Осыған жақсы бір мысал — Ұлыбритания. Еуропадағы экономикасы ең қуатты бұл елде судың төлемақысын өсіру коммуналдық саладағы ұзақ мерзімді инвестициялық стратегияның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Мысалы, жетекші операторлардың бірі Severn Trent 2029–2030 жылдарға қарай үй шаруашылықтары үшін орташа жылдық есепшотты шамамен 37%-ға, яғни, £379-дан £518-ге дейін өсіруді жоспарлап отыр. Бұл өсім тозған желілерді жаңарту, құбырларды ауыстыру, тазарту құрылғыларын жаңғырту және сумен жабдықтау тұрақтылығын арттыруға бағытталған £12,9 млрд көлеміндегі инвестициялық бағдарламамен тікелей байланысты. Мұндай жағдайда тарифтердің өсімі инфрақұрылымды қаржыландыру көзі болып табылады, ал инфрақұрылымның жағдайы қызмет көрсету сенімділігіне, халықтың санитарлық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Өнеркәсіп деңгейінде ұқсас тәсіл реттеуші саясат арқылы жүзеге асырылады. Ұлыбританиядағы Ofwat реттеуші органы 2025–2030 жылдар аралығында тарифтердің орташа шамамен 21%-ға өсетінін мақұлдады, бұл су бұру компанияларына инфрақұрылымға шамамен £88 млрд көлемінде инвестиция жасауға мүмкіндік береді. Бұл қаражат суды тазарту, кәріз жүйелерін және экологиялық қауіпсіздікті жаңғыртуға бағытталған. Бұл тұрғыда реттеуші орган компаниялардың бастапқы өтініштерін қысқартса да, төлемдердің өсуін күрделі инфрақұрылымдық жұмыстарды қаржыландыру және желілердің одан әрі тозуын болдырмау үшін қажетті шарт ретінде мойындады. Осылай бола тұра реттеуші орган тарифтерді шектеуге ұмтылғаны үшін сектордағы инфрақұрылымдық компаниялар тарапынан қатаң сынға ұшырап отыр, бұл саланың жағдайын нашарлатуы мүмкін.
Англия мен Уэльстің тарихи тәжірибесі тарифтік саясат пен инвестициялық белсенділіктің тікелей байланысын дәлелдейді. 1989 жылы су компаниялары жекешелендірілгеннен кейін алғашқы тоғыз жыл ішінде тарифтер нақты есеппен шамамен 46%-ға өскен. Сол кезеңде инфрақұрылымға салынған инвестициялар шамамен екі есе — £9,3 млрд-тан £17 млрд-қа дейін өсті. Аталған тәжірибе көрсеткендей, тарифтердің өсімі желілерді қалпына келтіруге, жаңғыртуға, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық белсенділікті арттырды.
АҚШ-та тарифтердің өсімі мен инвестиция арасындағы байланыс муниципалды және аймақтық су жүйелерінің мысалы негізінде айқын көрінеді. Иллинойс штатында Illinois Commerce Commission реттеуші органы Illinois American Water үшін тарифтерді көтеруді мақұлдады, мақсаты — құны $557 млн инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру. Бұл қаражат ескі құбырларды ауыстыруға, тазарту құрылғыларын жаңғыртуға және сумен жабдықтау желісінің сенімділігін арттыруға жұмсалады. Нәтижесінде орташа тұтынушы ай сайын шамамен $24,5 қосымша төлейтін болады, тарифтердің өсімі айқын мақсатты көздейді — өмірлік маңызды инфрақұрылымды жаңарту және сақтау.
Айта кетерлігі, АҚШ-та мәселенің ауқымы айтарлықтай үлкен. Су инфрақұрылымына қатысты инвестициялық тапшылық 2043 жылға қарай $620 млрд-қа жетуі мүмкін деп бағалануда. Мұндай жағдай желілердің ескіргендігінен, апаттық жағдайлардың көптігінен және құбырлардың тозуынан туындайды. Берілген осындай бағалар көрсеткендей, тұрақты қаржыландыру көздерінсіз, оның ішінде тарифтер мен пайдаланушылардың төлемдерінсіз, инфрақұрылымдық алшақтық тек ұлғая береді, бұл адамдардың қауіпсіздігі мен қалалардың тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді. Естеріңізге салсақ, біз әлемнің ең қуатты әрі іргелі экономикаларының бірі туралы айтып отырмыз. Ал инвестиция жетіспеген жағдайда, инфрақұрылымдық кедергілер халыққа және бизнеске айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстанмен салыстырмалы мысал ретінде аймақтық көршіміз Өзбекстанды атап өтуге болады. Өзбекстанда электр энергиясы тарифтерін есептеу әдістемесі бекітілген, ол тарифтердің біртіндеп өсуін және 2026 жылға қарай шығындардың толық өтелуін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл дегеніміз, тарифтер шығындардың біртіндеп толық өтелу деңгейіне жетуі керек, яғни субсидияланған күйде қалмауы тиіс.
Атап айтқанда, электр энергиясының кәсіпорындарға арналған тарифтері 2023 жылдың қазанында, ал үй шаруашылықтарына арналған тарифтер 2024 жылдың мамырында көтерілді, бұл үкіметке субсидияларды ішінара азайтуға, сондай-ақ 2024 жылдың соңына қарай электр энергиясын сату үшін бірыңғай платформаны құру жоспарын жүзеге асыруға және 2026 жылға қарай көтерме электр энергиясы нарығын либерализациялауға мүмкіндік берді.
Өзбекстандағы тарифтік реформаны қолдау бағдарламалары тарифтер өсімінің әлеуметтік әсерін жеңілдетуге бағытталған шараларды қамтиды (мұндай өтемақылар әлеуметтік осал топтарға беріледі, Қазақстанда да қарастырылған, ол туралы біз бұған дейін де бірнеше рет жаздық). Атап айтқанда, электр энергиясы, жылу және газ тарифтерінің өсімін өтеу мақсатында аз қамтамасыз етілген отбасыларға өтемақыны ұлғайту қарастырылған.
Тағы бір мысал — көршілес Ресей. Ресейде биыл тарифтердің өсімі рекордтық деңгейге жетті. Нақты айтқанда, тұрмыстық газ 7,9%-ға, жылыту қажеттілігі үшін қолданылатын газ 22%-ға, электр энергиясы тұтыну түріне қарай 12,6%-дан 22,8%-ға дейін, ал қоқыс шығару қызметі 14,9%-ға қымбаттады. Тарифтердің ең жоғары өсімі Пермь өлкесінде (21,1%), Архангельск облысында (20%) және Кузбасста (19,8%) байқалды. Кейбір өңірлер күрделі коммуналдық инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде үкімет белгілеген (онсыз да елеулі) шектен асып кетуге мәжбүр болды.
Мұндай жағдай тарифтер құрылымына бастапқыда енгізілген инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырудан туындайды, бұл бағдарламалар 2030 жылға дейін коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға — су қоймаларын, жылу көздерін және желілерді қалпына келтіруге бағытталған, жалпы қажет қаржы шамамен 4,5 трлн рубльді құрайды, оның бір бөлігі бюджеттік емес көздер арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. РФ президенті де тарифтерді уақытында индексацияламау болашақта әлдеқайда күрделі және әлеуметтік тұрғыдан сезімтал шешімдер қабылдауға әкеліп соқтыратынын атап өтті, сондықтан баға өз уақытында өсуі тиіс.
Қазақстанға келетін болсақ, жоғарыда аталған «ЭКСЖ» Ұлттық жобасы 2029 жылға қарай инфрақұрылымның физикалық тозуын төмендетуді көздейді: жылумен жабдықтау бойынша 52%-дан 42%-ға, электр энергиясымен жабдықтау бойынша 76%-дан 45%-ға, сумен жабдықтау бойынша 40%-дан 33%-ға, ал су бұру бойынша 56%-дан 41%-ға дейін азайды.
Сондай-ақ «ЭКСЖ» аясында 18,2 мың МВт көлемінде жаңа энергетикалық қуат көздерін енгізу, кейбір желілерді 10 КВт кернеулі электр энергиясын өткізетін ауа сызықтарына көшіру жоспарлануда, бұл электр энергиясының шығынын азайтып, сенімділікті арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ 45 кәріз тазарту құрылғыларын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Жоба бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым нысандары (электр энергиясы, жылу, су, су бұру) есептеу құрылғыларымен және автоматтандырылған жүйелермен 100% қамтылуы керек, бұл жобаны іске асыруда міндетті шарт болып табылады.